COVID-19: Қазақстан

37 мың солтүстікқазақстандық скринингтен өтеді

Облыста коронавирус инфекциясының шарықтау шегі әлі болған жоқ. Сондықтан, карантин шаралары жұмсартылмайды. Жергілікті санитар дәрігерлердің сөзінше қазіргі жағдай әлі 3 аптаға дейін жалғасуы мүмкін. Тағы, өңірімізде індеттің алдын алу бағытында жаппай скрининг ұйымдастырылды. Одан 37 мың адам өтпек.

Карантин режимі өлкеде қатаңдатылды. Облыста коронавирусқа байланысты жағдай тұрақтала бастағандықтан, тұрғындардың мұндай шешімді күтпегені анық. Сондықтан әлеуметтік желілерде – қазір пікірталас. Алайда, статистика өспеді деп, шаһар бұрынғы тіршілігіне қайта орала алмайды.

Татьяна Горлова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары :

– Өңірде коронавирус инфекциясының шарықтау шегі әлі болған жоқ. Сондықтан, карантин шараларының жақын арада жұмсартылмайтыны анық. Тұрғындарға 3-3,5 апта шыдау керек. Егер осы аралықта жағдай тұрақты болса, онда бірқатар шектеулер алынып тасталады.

Өлкеде 30 науқастың тіркелгенін білеміз, алайда 13-інің дертке қалайша шалдыққаны белгісіз болып отыр. Бұл нені білдіреді? Дүкен, подъезд, ауладағы әткеншектер не тротуар – індет таяқшалары кез-келген жерде болуы мүмкін. Яғни, оны жұқтырып алу оп-оңай. Ал аурудың кейбір адамдарда байқалмайтынын ескерсек, арамызда науқастардың жүруі де ғажап емес. Сондықтан, облыста жаппай скрининг ұйымдастырылуда.

Татьяна Горлова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Бүгінге дейін барлығы 5141 зерттеу жүргізілді. 2400-ге жуық тұрғынға тест скринингтің аясында жасалды. Мұндай жаппай тексерістен 18 санаттағы 37 мың солтүстікқазақстандық өтпек. Оларға мемлекеттік қызметшілер, күш құрылымдарының мамандары, жүкті әйелдер, ОРВИ мен пневманияға күдігі бар науқастар және өңірге өзге мемлекеттерден келетін азаматтар жатады. Біз қазір шетелден кіретін қазақстандықтардан бөлек, транзитпен өтетін жүк көліктерінің жүргізушілерін де тексерудеміз.

Облыста бүгінде 6 мың тест бар. Бірақ, скринингті өткізуге қажетті өзге құрал тапшы. Ол – адамдардан анализ алуға керек материал. Мәселе қазір шешілуде. Денсаулық сақтау министрлігі тампондар мен қосымша тестілерді бізге жөнелтіпті. Яғни, көп ұзамай жаппай тексеру бастау алады.
Оның нәтижесі аймақтағы ахуалды анықтайды. Карантин ұзартыла ма, жоқ па – сонда білеміз. Алайда, тұрғындардың шыдамы таусыла бастаған сыңайлы. Төтенше жағдай талаптарын бұзу фактілері тыйылар емес.

Қанат Айтбаев – СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары:

– Карантин басталғалы 344 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазір түнгі уақыттағы құқықбұзушылықтардың саны артты. Тұрғындар жиылып, кешқұрым алкогольдік ішімдік ішіп, көңіл көтеруді әдетке айналдыра бастады. Аулаларда қыдыратындар да азаяр емес. Таза ауамен тыныстап жүргендерге алдымен ескерту жасалады. Құлақ аспайтын болса, әкімшілік жазаға тартамыз.

Қала ішінде қатынау үшін жалған анықтамаларды жасататындар да кездесіп жатыр. Сондықтан, алдағы уақытта бірыңғай база жасақталады.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Қалада 1500 кәсіпорын карантин режимінде жұмыс істейді. Мұнда 18-19 мыңдай адам қызмет етеді. Қазір барлық азаматтар бірыңғай базаға енгізіліп жатыр. Шаруаны аяқтау үшін 2 күндей уақыт керек. Тізім кейін полиция қызметкерлеріне беріледі. Олар планшеттері арқылы қала ішінде қатынап жүрген адамдарды тексеретін болады.

Сіз тізімде барсыз ба, жоқсыз ба? Оны екі күннен кейін 109 нөмірі арқылы білуге болады. Ал саяжайшыларға әзірге Айкөмекке хабарласудың қажеті жоқ. Бағбандардың мәселесі әлі шешіліп жатыр. Егер өзгерістер орын алса, атқарушы билік халықты бірден құлағдар етеді. 

Эльмира Садвокасова