COVID-19: Қазақстан

Сарбаздар подъездерді дезинфекциялауда

Сәуірдің 2-сі күні ел Президенті әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы жарлыққа қол қойған болатын. Қазіргі күні сарбаздар еліміздің түкпір-түкпірінде Отан алдындағы борыштарын өтеуге білек сыбана кірісіп кетті. Бұдан петропавлдық жігіттер де қалыс қалмады. Олар қаладағы аулалар мен подъездерді дезинфекциялап жүр.

Ел басына күн туғанда Отан алдындағы борышын өтеу – әр азаматтың мойнындағы парызы. Бұл жігіттер – осыдан 1 апта бұрын арнайы әскери жиынға шақыртылғандар. Үстерінде – арнайы форма және бетперде мен көзілдірік таққан, қолдарына зарарсыздандыру құралын ұстаған.

40-қа жуық сарбаз ең алдымен Береке ықшам ауданына аяқ басты. Отан алдындағы борышын өтеуге ниет білдірген жандар осымен 5-ші күн қалада залалсыздандыру жұмысын белсенді жүргізуде. Олар подъездер мен аулаларды, балалар ойнайтын алаңды арнайы сұйықтықпен дезинфекциялайды.

Максим Кунгель – СҚО аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметкері:

– Арнайы жиын туралы теледидардан қорғаныс министрінің брифингі барысында білдім. Кейін жергілікті органға барып, мені қабылдаулары үшін өтініш білдірдім. Өзім әскерге барғанмын. Ол жақта химик болып қызмет еттім.

Жігіттердің ісіне тұрғындар да разы. Үлкені мен кішісі де терезеден бастарын шығарып, қол бұлғап, алғыстарын білдіріп жатыр. Ал сарбаздар болса, жерлестерінің ыстық лебізі мен қолдауы оларға күш-жігер береді дейді. Олардың әрбіреуі осындай 16 литрлік бөшкені арқаларына асып алып, бір күнде шамамен 30-ға подъезді залалсыздандырады.

Наурызбай Қасымов – СҚО аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметкері:

– Таңертең таңғы ас ішеміз, кейін сапқа тұрамыз. Бізге тапсырма берілгеннен соң, әркім өз обьектісі бойынша жан-жаққа тарап дезинфекция жұмысына кіріседі. Түске дейін 3 контейнерді бітіреміз, 1-еуі 5 подъезге жетеді.

Қатарда әскерге барғандар мен университет қабырғасында әскери кафедра тауысқандар бар. Шақыртуға қала бойынша 50-ге жуық азамат өтініш білдірген екен. Комиссия олардың 39-ын таңдап алған. Ал қалғандары – резервте. Жігіттерге жағдай жасалған. Таңертең 7 бағыт бойынша автобус жинап алады. Таңғы, түскі, кешкі астары уақытылы беріліп тұрады.

Абай Иманов, СҚО аумақтық қорғаныс бригадасының командирі:

– Барлығы қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Күніне 3 рет тамақтанады. Сарбаздар таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейді. Еңбектері де ақталады. Біз оларға 42 500 теңгеден жалақы төлейміз. Мұнда жүргендердің бәрі -әскери қызметте болған, дайындықтан өткен жігіттер.

Арнайы жиын 20 күн, яғни 3-мамырға дейін жалғасады. Қажет болған жағдайда уақыты созыла бермек немесе құрам жаңартылады.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан