Құқық қорғау органдары

Полицейлер Есіл ауданының тұрғынынан 140 литр ішімдік тәркілеп алды

Тәртіп сақшылары Есіл ауданының тұрғынынан 140 литр ішімдік тәркілеп алды.

Учаскелік полиция қызметкері кезекті аулааралық тексеріс жүргізу барысында заңға қайшы әрекеттің үстінен түскен. 35 жастағы ер адам өз үйінің алдында көліктен арақ толы жәшіктерді түсіріп жатыпты. 140 литр алкогольдік өнімді ол бөгде біреуден сатып алғанын айтқан. Тексере келе, 240 шөлмектің бірде-біреуінде акциздік маркалардың жоқтығы анықталды әрі ер адамның ішімдікті тасымалдауға арналған құжаты болмай шықты. Аталған азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 283-ші бабы бойынша тиісті материал жинақталды. Заңсыз өнім тәркіленіп алынып, сараптамаға жөнелтілді. Жалпы, жыл басынан бері өңір полицейлері заңсыз айналымнан спирттік ішімдіктің шамамен 220 литрін тәркілеген.

 

 

Ешкенова Дана