Құқық қорғау органдары

Петропавлда 5 блокпост жұмыс істеп тұр

Азық-түлік немесе дәрі-дәрмек қажет болса өзіңіз тұратын аймақтан алу қажет. Көлікке міндіңіз бе, үйден ұзап көшеге шықтыңыз ба – қолыңызда жұмыстан берілген арнайы құжат болуы керек. Өңірде карантиннің алғашқы күндерінен бері жалпыға ортақ тәртіпті 170 адам бұзған. Арасында блокпостты алыстан айналып өтуге оқталғандары да бар.

Өңірде карантин осыдан 21 күн бұрын жарияланды. Содан бастап шектеу шаралары қолға алынып, облыс аумағында 44 блокпост құрылды. Бекеттердің 5-уі шаһарды айнала орналасса, қалғандары – аудандарда. Әрқайсысына тәртіп сақшылары мен ақ халаттылар бекітілді. Полицейлер адамдардың құжаттарын тексерсе, дәрігерлер дене температурасын өлшейді. Ешкімге емін-еркін жүруге болмайды. Тек аса қажетті жағдайда ғана.

Александр Розбах – СҚО ПД ЖПҚ басқармасы бастығының орынбасары:

– Ауыл тұрғындарына Петропавлда өте маңызды әрі шұғыл шаруасы болса, қалаға өтуіне рұқсат беріледі. Жақын елді мекендерде тұрып облыс орталығында жұмыс істейтін жандардан арнайы анықтама талап етіледі.

21 күн бойы ескертіліп келе жатқан ережелерді елемейтіндер бар. Бескөлдегі блокпостты айналып өтемін деген 3 адам ұсталған. Үшеуі де 15 күнге қамауға алыныпты.

Александр Розбах – СҚО ПД ЖПҚ басқармасы бастығының орынбасары:

– Бұзақылар қала ішінде де құрықталды. Көлігімен себепсіз жүргендерге айыппұл салынып, машиналары айып тұрағына қойылды.

Жалпы, карантин жарияланғалы бері облыс бойынша тәртіп бұзған 170 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Арасында жаяу жүргіншілер де бар.

Осы орайда естеріңізге сала кетейік, Петропавл қаласы 6 аймаққа бөлінген болатын. Әрқайсысында аурухана, азық-түлік дүкендері мен дәріханалар бар. Тұрғындар керек-жарағын өздері тұратын аумақтан ғана алулары тиіс. Ал жұмыс істейтін жандардың қолдарында анықтама қағазы болуы керек.

 

 

 

Ешкенова Дана