Халық тарих толқынында

Майдан хаттары

70 млн-дай хат. Ұлы Отан соғысы кезінде майдан шебіне ай сайын дәл осыншама сәлемдеме жолданыпты. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанда туған ел мен ұрыс даласын байланыстырған хаттардың саны 6 млрд-қа жеткен. Оқ пен оттың арасынан өткен бұл парақтар әр адам үшін құнды болды. Бір жапырақ қағаз майдангерлерге дем берді, ал тылдағы туған-туысқандардың жүрегінде үміт отын өшіртпеді.

Балалық қуаныш сыйлайтын бір жапырақ қағаз. Туған-туыстың амандығын, тылдағы жағдай мен сағынышты баян етіп, рух беретін, күш-қуат сыйлайтын ақ парақ. Бұның барлығы 4 жыл бойы туған ауыл мен ұрыс даласын байланыстырған майдан хаты жайлы. СҚ мемлекеттік архивінде от пен оқтың арасынан жеткізілген бұндай бірнеше конверттің көшірмесі сақтаулы.

Зәмзәгүл Закирина – СҚ мемлекеттік архивінің архивисі:

– Солтүстік Қазақстан облысында Кеңес Одағының батыры атағы 55 адамға, ал Даңқ Ордені 11 ер азаматқа берілген. Біздің архивте олардың жеке істері сақтаулы тұр. Құжаттардың арасынан майдан хаттарының көшірмесін кездестіруге болады. Конверттердің бірінің сыртында: «Неміс окупанттарына өлім келсін» деп жазылған. Дәл осы қағазда Сталиннің «Біз кеңес жерін Гитлердің қаныпезерлерінен тазартуымыз керек» деген де сөздері бар. Яғни, хаттың сырты да жауынгерлерге күш-қуат сыйлаған.

Жәлел Қизатов, Тимофей Позолотин мен Ескендір Даутов. Солтүстікқазақстандық майдангерлердің бір қолына қару ұстап, екіншісімен қарындаш алып жазған хаттары – міне. Ақ парақтың көшірмесі бізге тарихтан сыр шертсе, осыдан бірнеше ондаған жылдар бұрын ол жауынгерлердің амандығы мен ерлігін туғандарына баян еткен болатын.

Зәмзәгүл Закирина – СҚ мемлекеттік архивінің архивисі:

– Соғыс хаттарының барлығы амандық-саулық сұрасудан бастау алады. Кейін майдангерлер өздерінің жағдайын баян етеді. Көбі «мен аманмын» деп қысқа ғана қайырады. Себебі, ұрысты сипаттап, әскердің орналасқан жерін жазуға болмайды. Бұл хаттар адресаттарына табысталмас бұрын жіті тексерістен өтетін. Құпия ақпарат жазғандарды, тіпті жазалауға дейін баратын еді.

Үшбұрыш болып бүктелген бұл қағаздардың адресаттарына дейін жеткені таңқаларлық дүние емес пе?! Майдан даласы астан-кестен болып жатқанда пошталар мүлтіксіз жұмыс істеді. Ұлы Отан соғысы басталғанда мамандардың шаруасы көңіл көншітпейтін еді. Жүйені реттеуге бірнеше ай кетіпті. Кейін тыл мен ұрыс даласын байланыстыратын хаттар барынша тез жеткізілетін болған. Ай сайын туған-туыс пен жора-жолдастардан майдан шебіне 70 млн-дай сәлемдеме жолданған. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында пошташылар екі ортада амандық-саулық баяндалған 6 млрд-қа жуық хат тасымалдапты.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

 – Қағаз, қарындаш пен уақыт. Хатты жазу үшін қажетті бұл үш дүниенің барлығы ол кезде тапшы болды. Майдангерлер жолдаған конверттердің кейбірі плакаттардан, консервінің қаптамасы мен құжаттың қиындыларынан жасалды. Бірақ, маңыздысы материал емес, хаттың мазмұны ғой?! Менің қолымда – ұрыс даласынан жазылған сәлемдемелердің бірі. Хаттың иесі кім екені бізге, өкінішке қарай белгісіз. Анығы – ол туған жерін қорғаймын деп майдан даласына аттанған қазақ батырларының бірі.

«Сәлем хат, әке, іні-қарындастарым! Майдан алаңынан хат жазып отырмын. Әлі соғысы жатырмыз. Күш-қуат таусылайын деді. Бар-жоғы 44 адам ғана қалдық. Қыс түскеніне – екінші апта. Суық пен аштықтан зардап шегудеміз. Командир бізді ұмытып кеткен-ау деймін, өлілердің қатарына қосып үлгерген де болар… Бірақ, біздің кеудеміздегі үміт сәулесі сөне қойған жоқ. Жауын мен дауылға, аштыққа қарамастан елге жеңіспен оралатынымызға сенеміз. Бар күшімізді салып күресудеміз. Көп ештеңе жазбағаным үшін ренжімеңдер. Бәрімізге ортақ бір қаламсап бар, өзімді ғана ойламай, оны келесі жауынгерге беруім тиіс. Сау болыңдар!».

6 млрд-қа жуық хат. Жауынгерлердің төс қалталарына салынған үйден жолданған бұл сәлемдеме әрбіреуіне дем берді. Фашистермен күресте оларды рухтандырып, Жеңіс күнін жақындатуға өз үлестерін қосты…

 

 

Эльмира Садвокасова