ТЖ

М.Жұмабаев ауданында екі бірдей өрт оқиғасы тіркелді

Үш күнде өрттен 6 бірдей баспана мен 2 адам зардап шекті. Мағжан Жұмабаев ауданында алқаптан басталған от ауылға дейін жетіп, үйлерді шарпыған.

Алғашқы жағдай Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Золотая Нива селосының маңында орын алды. Мұнда шамамен 1200 шаршы метр жерде жанып жатқан құрғақ шөп желдің екпінімен елді мекенге қарай бет алады. Салдарынан иесіз тұрған 3 баспана зардап шеккен.

Нұрлан Атығаев, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Өртті сөндіру барысында ғимараттың шатыры опырылып түсіп, 2 тұрғын жарақат алды. 77-ші жылы туылған азамат 12-ші кеуде омыртқасының сыну диагнозымен аудан емханасына жеткізілді. Қазір жағдайы тұрақты. Ал екіншісі – 74-ші жылғы азамат. Ол омыртқасынан жеңіл зақым алып, үйіне жөнелтілді.

Мамандардың айтуынша өртті біреу қолдан жасаған. Қазір кінәлілер іздестіріліп жатыр. Осыған ұқсас тағы бір жағдай сол ауданда сейсенбі күні тіркелді. Оқиға таңғы сағат 7-де Изобильное селосының маңында болған.

Нұрлан Атығаев, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Даладан бастау алған тілсіз жау тағы да желдің күшімен жақын маңдағы елді мекенге қарай ойысқан. Бұл жерде де бос тұрған 3 үй күйіп кетті. От ауыздықталды. Ауыл маңында төтенше жағдай қызметкерлері жұмыс жасауда.

Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында 4 рет орман және құрғақ шөп өртенген 320 жағдай тіркелген. Өрттің кесірінен 7 саяжай құрылысы отқа оранған. Осы орайда төтенше жағдай қызметкерлері тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін қатаң қадағалауды ескертеді.

 

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан