Ерiктiлер

“Біз біргеміз” акциясы жалғасуда

“Біз біргеміз” акциясы 1600-ге жуық солтүстікқазақстандықты қамтыды. Наурыздың 19-ынан бері бас партияның мүшелері азық-түлік пен гигиеналық заттарға толы қоржындарды үлестіруде. Әлеуметтік көмек жалғызбасты аналар, қариялар мен жарымжандарға көрсетілуде. Бүгінде аталған мақсатқа жаны жайсаң адамдар мен меценаттардан жиналған 20 млн теңге жұмсалыпты.

Тыл еңбеккері Татьяна Афанасьеваның жасы 90-да. Зейнетке дейін нәзікжанды ет комбинатында қызмет етіпті. Өз өмірінде аштықты да, соғысты да, қайта құруды да көрген. Осыдан 13 жыл бұрын жұбайы өмірден өтіпті. Содан бері кейуананың жалғыз туғаны мен қамқоршысы – жиендері.

Наталья Афанасьева:

 – Әженің балалары жоқ. Күйеуім екеуміз қарайласамыз. Өздігінен жүре алмайды. Күнде келіп, тамақ пісіреміз. Жуындырып, көңілін аулаймыз. Әлеуметтік қызметкерлер де аптасына екі мәрте келіп, көмек көрсетеді. Карантин кезінде дүкенге барып, әжеге тамақ алу қиындады. Өзіміз де зейнет жасынан астық. “Нұр Отан” партиясына хабарласып, көмек сұрағанымыз да сондықтан.

Жалғызбасты қария назарсыз қалмады. Нұротандықтар әжейге қажетті тауарларды үйіп-төгіп әкелді. Қорап ішінде азық-түлік пен жеке бас гигиенасына арналған өнімдер бар. Бас партия мүшелерінен бөлек, «Біз біргеміз» акциясына жергілікті спортшылар да қатысуда. Грек-рим күресінен Азия чемпионы Данияр Қаленов қазір қала тұрғыны Анара Жуварованың үйіне бет алған. Қолында әлеуметтік маңызы бар тауарлардан тұратын қорабы бар. Нәзікжанды бұл көмекке дән риза. Отағасы өмірден озғаннан кейін, ол екі баласын жалғыз асырап келеді

Анара Жуварова:

 – «Біз біргеміз» қоры туралы естігеннен кейін, “Нұр Отан” партиясына хабарластым. Өте қуаныштымын. Қазір карантинге байланысты үйден шықпауға тырысамыз. Балаларым да далаға сұранбайды. Қиын кезеңде көмек көрсеткен барлық жанға алғысымды айтамын.

Сұйық май, жарманың түр-түрі мен ұн. Қорап ішінде біраз уақытқа жететін азық-түлік қоры бар. Жуваровтар – бүгін көмек көрсетілген екінші отбасы. Күніне мұндай әлеуметтік қолдауға барлығы 10 шақты жанұя ие болады екен.

Данияр Қаленов – грек-рим күресінен Азия ойындарының чемпионы, ҚР спорт шебері:

– Елбасымыздың, бас партияның қолдауымен қазір мұқтаж жандарға көмек көрсетіп жатырмыз. Қиын кезде бір-бірімізге демеу болып індетті жеңе аламыз.

«Біз біргеміз» акциясы наурыздың 19-ы бастау алған болатын. Күн сайын жаны жайсаң адамдар мен меценаттар қорға ақша аударып, мұқтаж жандарға қолдау білдіруде. Бүгінде дейін өңір бойынша 20 млн теңгеге жуық қаражат жиналған.

Біржан Құдайбергенов – «Jas Otan» ЖҚ СҚОФ төрағасы:

– Бүгінде облыс бойынша 1600 отбасы қамтылды. Қала бойынша 700-ден аса жанұя қамтылды. Оларға азық-түлік пен гигиеналық заттар табысталуда. Мұқтаж жандар өздері хабарласады. Сол тізім бойынша жұмыс істейміз.

Тағы 3700-ге жуық солтүстікқазақстандыққа 50 мың теңге табысталыпты. «Біргеміз Қызылжар» қоры қазір мұндай ақшалай қолдауды мұқтаж жандардың 7 санатына көрсетіп жатыр.

 

 

Эльмира Садвокасова