COVID-19: Қазақстан

Қаланы зарарсыздандыруға 15 млн теңге бөлінген

15 млн теңге. Облыс орталығында зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізуге қалалық қазынадан осындай көлемде қаржы бөлініпті.

Карантин шарасы қабылданғаннан кейін қаланы зарарсыздандыру жұмыстары әлдеқайда күшейтілді. Қазір шаһарда күн сайын 183 шақырым көше дезинфекцияланады. Жауапты істі арнайы костюм киген 10-ға жуық маман атқарып жүр. Тағы 366 км тротуарға дихлор ерітіндісі себіледі.

Асқар Хабибулин – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Көшелерді зарарсыздандыру жұмыстарына 19 бірлік техника жұмылдырылған. Оның 10-ы – көшені жууға арналған арнайы машиналар. Тағы 6-ы – газель. Оған қоса, трактор мен 2 сепкіш құралы бар.

Көшелерден бөлек, көпқабатты үйлерде де зарарсыздандыру жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатта мамандар өзге өңірлерден де келіп қолғабыс етуде. Мәселен, өткен аптада Жамбыл облысынан ат басын бұрған 50-ге жуық әскери Петропавлда 600 баспананың іші-сыртын тазалауға көмектесті.

Асқар Хабибулин – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Әскери қызметкерлер дезинфекциялау жұмыстарын бір апта бойы жүргізді. Олар Былғары және Кірпіш зауыттары маңын, Заречный мен Жұмысшы кенттерін, 19-шы, 20-шы шағын аудандарын зарарсыздандырды.

Жалпы, облыс орталығында тиісті тазалау жұмыстарын атқаруға қалалық қазынадан 15 млн теңге бөлінген.
Айта кетейік, сәуір айының басында «Dostyq Mаll» сауда және ойын-сауық орталығының кіреберісіне дезинфекциялау кабинасы орнатылған болатын. Алдағы уақытта мұндай дүние “Семейный” супермаркеті мен «City Mall» сауда орталығында да орнатылмақ.

 

 

 

 

Маржан Касымбек