Қоғам

Қалада 17 көшеге 4 мың жасыл желек егіледі

Қалада 17 көшеге 4 мыңнан астам жасыл желек егілмек. Көшет отырғызу жұмыстары қазір Жамбыл Жабаев, Ғабит Мүсірепов және Шоқан Уәлиханов көшелерінде жүргізіліп жатыр.

Бұл – Уәлиханов көшесі бойындағы ағаштардың бүгінгі көрінісі. Бұл жердегі 200-ге жуық жасыл желектің егілгеніне 60 жылдан асқан. Ағаштардың жасы ұлғайған сайын әбден қурап, бойына паразит саңырауқұлақтар өсіп кетіпті. Жергілікті университеттің мамандары зерттеу барысында олардың 80 пайызын жарамсыз деп таныған.

Тимур Зверяченко – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ доценті:

– Ағаштар дұрыс егілмеген. Яғни, жасыл желектер электр сымдарына тым жақын етіп отырғызылыпты. Олардың бұталары жыл сайын жиі кесіліп отырғандықтан діңі шіріп, саңырауқұлақтар өсіп кеткен.

Мамандар көшедегі 150-ден астам ағашты түп-тамырымен жұлып алып тастады. Орнына көшеттер егіліп жатыр. Бұл іс жергілікті «Қасенов» жеке кәсіпкерлігіне жүктелген.

Айдар Қасенов – «Қасенов» ЖК басшысы:

– Уәлиханов көшесі бойында 56 көшет егуді жоспарлап отырмыз. Істі 2 қызметкер атқарып жатыр. Ауа райы жылы қабақ танытса жұмыс алдағы 1 аптада аяқталады.

Айта кетейік, жалпы қаладағы 17 көшеге 4 мыңнан астам көшет отырғызу көзделіп отыр.

 

Маржан Касымбек