Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қ.Ақсақалов: «Жөндеу көретін жолдардың сапасын бірінші күннен-ақ қадағалау керек»

Жолдарды жөндеуге биыл Солтүстік Қазақстан облысы 39 млрд теңге жұмсамақшы. Қомақты қаражат зая кетпес үшін жұмыстардың сапасы белсенді азаматтар мен депутаттардың қатаң бақылауында болуы тиіс. Облыстық әкімдіктің кезекті отырысында аймақ басшысы осылай деді. Жиында трассалардың бойындағы дәмханалардың жағдайы мен көктем сайын әбігерге салатын дала өрттерінің жайы да сөз болды.

9 мың шақырым – Солтүстік Қазақстандағы жолдардың жалпы ұзындығы. Оларды жөндеуге бөлінетін қаржы жылдан жылға артып жатпаса, кеміген емес.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Соңғы 3 жылда 92,5 млрд теңге бөлініп, 2198 шақырым жөнделді, 133 елді мекен, 95 мың адам.

Миллиардтар бағытталуда, бірақ нәтиже бұл сомаға сәйкес келмейді. Өңір жолдарының әлі 30 пайыздайы мүшкіл жағдайда. Шыны керек, қалыпқа келтірілгеннің көбі бірер жылдан соң қайта шұрық-тесік болып жатады. Шаруаның сапасы жұртты шырылдататыны да сондықтан. Бір ғана Заградовканың оқиғасы неге тұрады?! Ал биыл 770 шақырым жол жөндеу көрмек. Бақандай 39 млрд теңге бөлініп те қойған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Едәуір жұмыс. Бірақ оның сапалы атқарылуын қадағалау қажет. Партиялар мен қоғам өкілдері жұмысқа кірісіңіздер.

Ал сапа сын көтермесе, мердігердің күні қараң – айыппұл мен қара тізім. Айтпақшы, жол жөндеумен айналысатын компанияларға Құмар Ақсақалов техниканы жаңартуға кеңес берді.
Жол бойындағы дүкен-дәмханалардың жағдайы аса емес. Трассалардың маңындағы қызмет көрсетуші мұндай нысандардың саны өлкеде – 128. Бірақ, 37-сі ғана стандартқа сай.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл нысандардың ішін талапқа сай емес. Әзірлеген тағамдарынан адам уланады. Мен мұны сеніммен айта аламын. Ал біз оларды не жаба алмай, не жөндете алмай отырмыз.

Кәсіпкерлер нысандарын жөндеп, қалыпқа келтіруі тиіс не жерді әкімдік тартып алады. Тек бұл шаруаға аудандық билік бір жауапсыздықпен қарай ма қалай, әйтеуір аудан әкімдері кінәні «Қазавтожолға» жабады, «Қазавтожол» болса бұл біздің емес, аудан әкімдерінің міндеті деп қайта сілтейді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құқық қорғау органдарымен бірлесе отыра аудан әкімдеріне бұл кәсіпкерлерді анықтап, баяғыда жазалауға болар еді. Бірақ, ешкім еш шара қолданып жатқан жоқ. Аппарат басшысына тексеріс жүргізуді жүктеймін. Барлық бұзушылықтарды анықтап, жайбарақат отырған лауазымды тұлғаларды жазалау қажет.

Су тасқынымен бірге көктем сайын өлкеде тағы бір проблема белең алады. Бұл – орман өрттері. Бас құқтқарушымыздың сөзінше, жыл басталғалы мұндай 4 оқиға тіркелген. Көбіне бұл жәйттерге аграрийлер кінәлі. Былтырғы орақ науқанынан қалған сабан қалдықтарын жағады, жаққан жерін бақылаусыз қалдырады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұған тыйым салу керек. Өйткені, алқаптарға от сала отыра, диқандар жердегі микроорганизмдерді де жағып жібереді, жерді өлтіреді. Бұл барып тұрған жауапсыздық, сондықтан қылмыс деп есептеліп, жазалануы тиіс.

Осындай жауапсыз аграрийлердің бүгінге дейін қаншасы табылды, қаншасы жауапкершілікке тартылды? Құмар Ақсақаловтың бұл сұрағына Рамиль Камалов та, жауапты орынбасары Антон Федяев та жауап бере алмады. Құнарлы жеріміз бен жасыл ормандарымызды сақтап қаламыз десек, мәселеге жіті мән беру керек деді Құмар Ақсақалов. Сондықтан, қарамағындағыларға түйткілге қатысты бақылауды күшейтуді жүктеді.

 

 

 

 

 

Саят Ермек