Өнеркәсіп

Жұмысы жанданған “ЗИКСТО”

“ЗИКСТО” зауытының тамырына қайта қан жүгірді. Темір жол платофрмаларын шығаратын іргелі кәсіпорын былтыр қаржылай қиындыққа ұшырап, жабыла жаздаған еді. Бірақ, араға шамамен бір жыл салып, жағдай тұрақталды, кәсіпорын ірі тапсырысқа ие болды. Осының арқасында өндіріс ошағы дағдарыстан шығып, толық қуатта жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды.

Дефектоскопист Марат Жаңабаев “ЗИКСТО”-да осымен 10-шы жыл. Былтыр зауыт тұралап қалғанда ол да өзгелер сияқты үйіне жіберілді. Уақытша жұмыстан да, сәйкесінше, табыстан да айырылды. Бірақ, бұл күндер енді артта. Қазір шебер 12 сағат бойы білдек алдында.

Марат Жаңабаев – «ЗИКСТО» АҚ дефектоскописі:

– Жұмыс баяғыша жүріп жатыр, жалақы да уақытылы төленуде. Әзірге, ешқандай қиыншылық көріп жатқан жоқпыз.

Қаржылай қиындыққа тап болып, былтыр тоқтаған бұл іргелі кәсіпорынның бойына қазір біртіндеп қайта қан жүгіріп жатыр. Бүгінде мұнда екі цех жұмыс істейді. Біреуінде платформалар жиналады, ал екінші учаскеде, вагон дөңгелектері жөнделеді.

Евгений Щенников, «ЗИКСТО» АҚ учаске бастығы:

– Айына дөңгелектердің 600 жұбын әзірлейміз. Қазір цехта 40 адам қызмет етеді. Олар екі ауысымға бөлінген. Бірақ, тағы 20 шақты маман керек.

Иә, кадрлық дефицит сезіледі зауытта. Тұралап тұрған уақыт ішінде арыз жазып, жұмыстан шығып кеткендер көп. Бірақ, қазір басшылық мәселені шешіп, штатты толтыруға асық. Көп кешіпкей өндіріс ошағы толық қуатқа көшпекші. Өйткені, ірі тапсырыс түскен.

Ренат Шамсутдинов – «ЗИКСТО» АҚ бас директоры:

– Сәуірдің 17-сі “КиденТрансСервис” компаниясымен келісім-шарт жасастық. Олар үшін біз 300 жаңа вагон-платформа құрастыратын боламыз. Тапсырыстың жалпы құны – 7 млрд теңге. Осының арқасында кәсіпорын қызметі қайта жанданады. 200 жаңа жұмыс орны ашылады. Бізге білікті мамандар керек.

Орташа жалақы – шамамен 125 мың. Басшылық дағдарыс артта, енді айлық уақытылы төленеді деп сендіріп отыр. Еске салсақ, былтыр “ЗИКСТО” банкротқа ұшырай жаздаған еді. Бәріне себеп – шетелдік бөлшектер бағасының күрт өсіп, тапсырыстардың тиімсіз болып қалуы. Салдарынан 800-ге тарта жұмысшы екі жарым ай бойы айлықтарын ала алмай дал болды. Кәсіпорын тіпті жарықсыз қалды, өйткені электр энергиясы үшін қарызды өтерлік қаражат табылмады. Мәселені жергілікті билік бақылауына алып, аз уақыт ішінде өндіріс ошағына қайта жан бітірді. Енді экономика түзеуші бұл зауыт аяққа нық тұруға мүдделі.

Саят Ермек