Ерiктiлер

Университет қызметкерлері “Біз біргеміз” акциясына қатысты

Республикалық “Біз біргеміз” акциясына СҚМУ-дың өкілдері де қатысты. Олар қиын-қыстау шақта бір кездері қара шаңырақта қызмет еткен 50-ге жуық зейнеткердің үйіне барып, азық-түлік пен гигиеналық құралдар апарды. Аса қажетті заттардың барлығы білім ордасынан бөлінген ақшаға сатып алынды.

Раушан Шүкенова М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да 47 жыл жұмыс істеді. Нақтырақ айтсақ, талай студентті білім нәрімен сусындатып, білікті маман дайындады. Қазір нәзік жанды – зейнетте. Бірақ, 78 жастағы жерлесіміз оқу ордасының ұжымымен әлі күнге дейін араласып тұрады. Бүгін қара шаңырақтың қызметкерлері жалғыз басты қарияның үйіне келіп, азық-түлік пен гигиеналық құралдар әкелді. Бұған кейуана дән риза.

Раушан Шүкенова – химия ғылымдарының кандидаты, профессор:

– Карантин кезінде ешқайда шықпаймын, тек үйде отырамын. Осындай қиын шақта жастар қажетті заттардың барлығын үйге әкеліп берді. Белсенді жандарға және университет басшылығына алғысымды айтамын. Бүгінде өзім жалғыз тұрамын. Қызым шетелде тұрады. Олар үйге жылына бір-ақ рет келеді.

Жергілікті университет ұжымы мұндай игі істі республикалық “Біз біргеміз” акциясы аясында жасап отыр. Басты мақсат – қиын-қыстау сәтте зейнеткерлерді жалғыз қалдырмай, көмек көрсету.

Дидар Бақыбаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қызметкері:

– Індет адамдарға, әсіресе қарттарға аса қауіпті. Сондықтан олар үйлерінен шықпау керек. Мұны біз ескеріп, бір кездері университет қабырғасында жұмыс істеген адамдарға көмектесіп жүрміз. Қажетті заттардың барлығын өзіміз сатып әкелеміз. Яғни, білім ордасынан бөлінген ақшаға аламыз.

Жалпы, “Біз біргеміз” акциясының қатысушылары бір кездері М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да жұмыс істеген 50 зейнеткерге жәрдем берді.

Дана Ешкенова