Су тасқыны

Тасқын су шарықтау шегіне жетті

Өңірдегі тасқын шарықтау шегіне жетті. Бүгінде облыс аумағындағы 18 ауылды қызыл су басу қаупі сақталуда.

Мамандардың сөзінше алдағы екі-үш күнде Есіл өзенінің деңгейі Петропавл мен Қызылжар аудандарының маңында көтерілмек. Тепличное, Прибрежное, Заречное кенттері мен Соколовка селосы қазір құтқарушылардың жіті бақылауында. Айта кету қажет, Сергеев қоймасының ернеуінен асқан су деңгейі төмендеді. Сәуірдің 20-ындағы мәліметке сүйенсек, көрсеткіш 195 см-ден 110-ға дейін түскен. Новоникольское елді мекені маңындағы бекеттегі жағдай да тұрақталды. Ал, Бәйтеректе керісінше, судың деңгейі 8 см-ге көтеріліпті.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Бүгінде Есілге жақын орналасқан 2300 саяжайға су кірді. Алдағы 2-3 күнде Петропавл гидроторабындағы тіршілік көзінің деңгейі көтеріледі деп болжап отырмыз. Барлық шараларды орын алған жағдайға байланысты жүргіземіз. Ал, кіші өзен-көлдер мен еріген қар суына келер болсақ, ахуал бүгінде тұрақталды.

Эльмира Садвокасова