Білім

Мектеп оқушылары ҰБТ-ға дайындалуда

Биыл 3300-ге жуық солтүстікқазақстандық оқушы мектеп тәмамдайды. Олардың 2 мыңнан астамы ҰБТ тапсыруға ниет білдіріпті. Қазір талапкерлер маңызды сынаққа қызу дайындалып жатыр. Біреуі кітап оқып, білімін толықтырса, екіншісі онлайн режимде тапсырма орындауда. Шәкірттердің жауапты емтиханға әзірлігі жайлы әріптесім толығырақ баяндайды.

Диас Аяған Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатын биыл тәмамдайды. Қазір ол кітаптан бас алмай ҰБТ-ға дайындалып жатыр. Мақсаты – емтиханда жақсы бал жинап, жоғарғы оқу орнына түсу. Ол болашақта қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болғысы келеді.

Диас Аяған – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:

–  ҰБТ – біздің өміріміздегі ең елеулі әрі маңызды сынақтардың бірі. Осы сынақты абыроймен тапсыру әр түлектің мақсаты. Ол үшін карантинге қарамай дайындалып жатырмыз.

Қолы қалт еткенде Диас шығармашылықпен айналысады. Өлең жазып, домбыра шерткенде миы демалып, білім алуға құлшынысы одан әрі артады екен. Жас таланттың мына туындысы төтенше жағдай кезінде тындай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларына арналады.

Ал Назерке Көзтай Айыртау ауданының орталығындағы Саумалкөл қазақ орта мектебінде білім алады. Бұл шәкірт те биыл білім ордасын тәмамдап, үлкен өмірге аяқ басады. Сондықтан жерлесіміз замандастары сияқты ҰБТ-ға қызу дайындалып жатыр екен. Кітап оқиды, көбіне онлайн режимде тест тапсыратын көрінеді.

Назерке Көзтай – Саумалкөл қазақ орта мектебінің оқушысы, Айыртау ауданы:

– ҰБТ орталығында 70 тест нұсқасы бар. Соны орындап, дайындалып жатырмыз. Білмеген сұрақтардың жауабын мұғалімдерден сұрап аламыз.

Жалпы, биыл 3300-ге жуық солтүстікқазақстандық шәкірт мектеп бітіреді. Олардың 2 мыңнан астамы ҰБТ тапсыруға ниет білдіріпті. Бұл жастардың бір бөлігі қаңтар айында ақылы негіздегі сынақта бақтарын сынады. Келесі емтихан наурызда болуы керек еді, бірақ төтенше жағдайға байланысты ұйымдастырылмады.

Валентина Черных – СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

– Білім және ғылым министірлігінің қаулысымен ақылы негіздегі ҰБТ-ның екінші кезеңі кейінге шегерілді. Өтетін уақыты төтенше жағдай аяқталған соң ғана белгілі болады. Қазіргі таңда оқушылар арнайы сайттқа кіріп, тест тапсырып жатыр. Олардың нәтижелері қадағаланып тұрады.

Сондай-ақ, қазіргі күні нақты ҰБТ-ның да қай күні өтетіні белгісіз. Білім басқармасы өкілдері алдағы уақытта маңызды емтихан жайлы қосымша ақпармен бөлісетіндерін жеткізді.

Маржан Касымбек