МТРА жаңалықтары

Коронавирус: облыста карантин режимі күшейтілді

Тәжді вирусты жұқтырған тағы бір жерлесіміз анықталып, науқастардың саны облыс бойынша 30-ға жетті. Қуанышымызға орай, олардың 25-і инфекциядан құлан-таза айығып шықты. Бұл осыдан бірер сағат бұрын облыс әкімінің орынбары Руслан Әлішев берген мәлімет. Бірақ, вирус әлі шегінген жоқ, эпидемиялық ахуал тұрақты емес дейді билік. Сондықтан, карантин режимі өңірде одан бетер күшейтілді. Не өзгерді? Келесі бейнематериалдан білесіздер.

Инфекция жұқтырған 30-шы жерлесіміз сәуірдің 19-ы анықталды. Мамлют ауданының 26 жастағы тұрғыны 15-і күні Түмен қаласынан оралған екен. Алғашқы сынақ оң нәтиже бергенімен, бірер тәуліктен соң дене қызуы көтеріліп, жағдайы нашарлаған. Екінші анализ бойында дерттің барын көрсетіпті. Десе де, тәжді вирустан айығып шыққандардың саны өлкеде күн санап артуда.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Сәуірдің 20-сы тағы 7 адам үйіне оралды. Осылайша, тіркелген 30 науқастың 25-і, яғни 86 пайызы жазылып шықты. Инфекциялық стационарда әлі 4 пациент ем қабылдап жатыр.

Жаңалық қуантады. Бірақ жергілікті билік тақымды босатпақ емес. Облыстың бас санитарлық дәрігері жаңа қаулыны жариялап, карантин режимін одан бетер күшейтті. Енді Петропавлдан бөлек, аудандардың да шекаралары толықтай жабық яки ауыл мен ауыл арасындағы қатынау да тыйылуы тиіс.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Шекаралардан тіршілікті қамтамасыз ететін ұйымдардың мамандары, медициналық көмекті қажет ететін азаматтар, транзиттік жүк көліктері және халыққа қажетті тауарларды жеткізетін машиналар ғана өте алады. Егістік науқанынының қамымен жүргендерге, өзге де ауылшаруашылық, табиғатты қорғау және ветериариялық іс-шараларға тартылған адамдар мен ара ұстаушыларға да жүруге болады.

Карантин кезінде шаруасын жалғастырып жатқан кәсіпорындар бар емес пе?! Оларға қатысты санитарлық бақылау да күшейтілді. Қарапайым тілмен айтқанда, қандай да бір дүкен дезинфекциялық режимді сақтамаса, халықты топпен ішке кіргізсе, баяғыша айыппұл төлеп қана құтылмайды. Мекеменің жұмысы тоқтатылатын болады. Қауырт кезеңде қызметте жүргендерге жеке көлікпен жұмысқа жетуді қысқарту керек. Жұмыс беруші еңбеккерлерін тасымалдауы – міндет. Ал үйде отырғандарға сол үйлерінен себепсіз шықпауы тиіс. Бұл жерде ереже баяғыша қатаң.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Облыс тұрғындарына тек қажет жағдайларда ғана далаға шығуға рұқсат, яғни азық-түлік, қажетті тауарлар мен дәрі-дәрімек алуға, қоқыс тастауға. Үй жануарларын аулада ғана серуендету керек. Керек болса, банктер мен “Қазпошта” бөлімшелерінің жақын маңдағы филиалдарына да баруға болады. Жасы 65-тен асқан зейнеткерлерге үйден шығуа қатаң тыйым салынған. Көрші-қолаң, туған-туысқан, жора-жолдастарды қонаққа шақыруға да, оларға қонаққа баруға да рұқсат жоқ. Саяжайларға да баруғаболмайды.

Ашығын айтсақ, бұл қағидаларды пысқырмайтындар бар және олардың саны артпаса, кеміп жатқан жоқ. Аулаларда бесікарба ұстап, серуен құрып жүрген аналар мен доп қуып жүрген балалар – қазір қалыпты жағдай. Өткен сенбі-жексенбінің өзінде полицейлер үйден себепсіз шыққан 60-тан астам азаматты, ал карантин басталғалы бері 300-ге тарта жерлесімізді жауапқа тартқан. Енді режимді бұзғандарға ескертусіз-ақ, бірден хаттама толтырылатын болады. Ал жазаны бәріміз білеміз – не 27 мың теңгенің айыппұлы, не 5 күндік қамақ.

Дана Ешкенова