Ауыл шаруашылығы

Кәсіпкерлер карантин кезінде бел жазбай еңбек етіп жатыр

Солтүстікқазақстандық фермерлер карантин кезінде бел жазбай еңбек етіп жатыр! Көптің арасында Тайынша ауданына қарасты Келлеровка селосында тұратын Хамитовтар жанұясы да бар.

Бұл отбасы 2017-ші жылы кооператив құрыпты. Қазір елді мекендегі ондаған үйден сүт сатып алады. 1 литр ақтың құны – 100 теңге. Бірлестік өкілдерінің сөзінше тәулігіне 4 тоннаға жуық өнім жиналады екен. Кейін оны іргедегі Ақмола облысына апарып, «Milk Projekt» кәсіпорынына өткізеді. Мұндай бизнесті жерлестеріміз “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ның көмегімен бастады. Мемлекеттен берілген жеңілдетілген несиеге іскер жандар сүт таситын көлік, салқындатқыш-танкер мен басқа да құрал-жабдық алған.

Ержан Хамитов – «АШӨК Бастау-2019» ӨК төрағасының орынбасары, Тайынша ауданы:

– Індет Келлеровка селосын айналып өтпеді. Вирус белгісі анықталып, елді мекен карантинге жабылды. Сол кезде қиындықтарға тап болдық. Бірақ, біз істі тоқтатпауға тырыстық. Қиын шақта жұмыс істеуімізге Тайынша аудандық жедел әрекет ету штабы көп көмектесті. Ондағы мамандарға алғыс айтамын. Дертті жеңіп, қайта қалыпты режимде еңбек ететінімізге сенімдімін.

Дана Ешкенова