Әр түрлі

Сәуірдің 19-ы православтар Пасха мерекесін атап өтеді

Сәуірдің 19-ы православ сеніміндегілер Пасха мейрамын атап өтеді. Алайда, карантинге байланысты биыл мереке шіркеулерде ұйымдастырылмайды. Десе де, христиан дінінің өкілдері қасиетті салт-жораларын үйде орындап жатыр. Олар мейрам қарсаңында тәтті нан пісіріп, жұмыртқа бояп, баспаналарын сәндеуде.

Отбасылық мейрам. Пасха мерекесі қарсаңында Татьяна Калиновская ылғи таңертең ерте оянып, дәстүрге сай тәтті нан әзірлейді. Өзінің екі бірдей көмекшісі бар. Ол – перзенттері Таисия мен Лукаш. Қазір жанұя мүшелері бірлесіп нанның бетіне жағатын крем әзірлеуде.

Татьяна Калиновская – қала тұрғыны:

–  Өзіме собалақ нанның иісі қатты ұнайды. Бала кезімде мерекені ата-анаммен қарсы алатынмын. Мейрамды жылда асыға күтіп, әзірлікті алдын ала бастайтын едім. Ал қазір бұл күнді балаларыммен бірге атап өтеміз.

Жүздерінде – қуаныш, ал қолдарына қасық ұстаған балақайлар мерекеге ерекше дәм беретін тәтті нанды безендіруге кірісіп кетті. Олар іске түрлі-түсті сеппелерді қолдануда. Енді Пасха мейрамының тағы бір нышаны – жұмыртқаларды бояу қалды. Қызыл, көк, сары және жасыл. Анасы балаларына ұнайтын түстерді таңдап, сумен араластырып жатыр. Бояу кезінде қайнаған су қолданылатындықтан, барынша мұқия болған жөн.

Лукаш Шишкин:

–  Жұмыртқаны бояу қосылған суда 1 минуттай ұстау керек. Сонда түсі өзгеріп шығады. Суға қолды салмаған жөн, әйтпесе күйіп қалуы мүмкін.

Жанұяның өзіндік дәстүрі де бар екен. Таисия мен Лукаш қанша көп жұмыртқа боясаң, сонша тілегің орындалады деп сенеді.

Таисия Шишкина:

– Я хочу в Алмату. Потому что, там есть город и много чего интересного.

Бірлік, достық, шаттық пен бақыт. Православ сеніміндегілер Пасха мерекесін қай кезде де отбасы, ошақ қасында қарсы алғанды жөн көреді. Өйткені, әлемдегі бар жақсылықтың бастауы – жанұя.

Маржан Касымбек