COVID-19: Қазақстан

Коронавирус: СҚО-дағы ахуал қандай

Облыста күні кеше инфекция жұқтырған тағы 3 адам анықталған еді. Содан бері жағдай, әзірге, тұрақты. Дегенмен жұртшылықты ахуалға қатысты ақпардың аздығы алаңдатады. Лондоннан келген отандастарымыз үйлеріне қашан қайтады, өңірде тестілер жоқ деген қауесет рас па және дәрігерлерді тасымалдау мәселесі біржақты етілді ме? Осы және өзге де сауалдарға бүгін құзырлы орган өкілдері жауап қатты.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– 29 тіркелді. 5 жазылып, шығарылды. 1 науқас Көкшетауда жатыр. 23 науқас инфекциялық стационарда, жағдайлары жақсы, шағым жоқ, ем қабылдауда.

Солтүстік Қазақстандағы қазіргі ахуал, міне – осындай. Тәжді вирусты жұқтырған 29 адамның 4-уі осы аптада тіркелді. Бәрі – өзге ел, өзге өңірлерден келгендер. Енді әр жағдайға жеке тоқталайық. 26-шы науқас дүйсенбіде анықталды. 19 жасар көкшетаулық бозбала егістіктің қамымен көрші Ақмоладан Ақжар мен Уәлиханов аудандарына келіпті. Инфекция жұқтырғанын білмеген де. Кешірек денсаулығы сыр беріп, Талшықтағы ауруханаға жүгінген. COVID-19 бойынан сонда анықталса керек. Бірақ, жігіт қазір бізде емес, Көкшетауда ем алып жатыр.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Ақжар ауданында анықталды. Ол – Көкшетау тұрғыны. Сонымен қатар, Көкшетау жақын. Как он попал? Перемещался, посевная работа, все контакты результаты отрицательно.

Басқа 2 науқас – Лондон-Петропавл рейсінің жолаушылары. Бұл – 27-ші және 28-ші жағдайлар. Еске салсақ, сәуірдің 14-і “Air Astana” ұшақпен 95 қазақстандықты Тұманды Альбионнан тура шаһарға жеткізген еді. Бәрі сонда жұмыс істеп, білім алып жүрген отандастарымыз. Борт жолаушылары да, экипаж мүшелері де “Қызылжар” қонақүйіне жайғасты. Мұнда олар бірден анализ тапсырды. COVID-19 20 жасар студент қыз бен 40 жастағы келіншектен табылған. Олар қазір инфекциялық стационарда, ал жақын араласақан жандар карантиндік стационарда жатыр. Ал өзгелері ше? Өзгелері өздері тіркелген өңірлеріне жөнелтілуде.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Лондоннан келген азаматтардың жартысынан көбі өз үйлеріне жөнелтілді. Тесттен өткеннен кейін үйлеріне қайту мүмкіндігі бар.

Татьяна Горлова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Инфекция тек 2 азаматтан табылды, қалған 93 жолаушы сау. Олармен қарым-қатынасқа түскен “Қызылжар” қонақүйінің 2 қызметкері, шекара қызметінің 5 маманы мен 2 полицей, тағы 12 ақхалатты да тест тапсырды. Ешбірінен вирус табылмады. Бірақ, бәрі 14 күнге үйлеріне карантинге жіберілді.

Жалпы, бұл рейс туралы хабар шаһар жұртын біраз дүрліктірді. “Лондонда отыра бермеді ме?”, “Петропавл ұшақты неге қабылдады?”, “Жолаушылар неге қаланың қақ ортасына жайғастырылды?” деген сұрақтар көп қойылды. Жауап мынадай – шетелдегі отандастырымыздың елге оралу құқығы бар және қайтарылғандардың бәрі анализ тапсырады. Бұл міндетті сараптаманың қорытындысы бойынша күні кеше 29-шы науқас анықталды. Ол – 53-тегі Мамлютка қаласының тұрғыны. Ресейдің Челябісінен оралыпты. Осылайша, вирустың таралу географиясы тағы да кеңейді.

Татьяна Горлова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– 20 науқас – Петропавлда, 4-уі – Тайынша, ал 3-уі Қызылжар аудандарында тіркелді. Ал Ақжар мен Мамлют аудандарында бір азаматтан анықталды. Инфекцияны жұқтырған 29 адамның 8-інде ауру белгілері байқалды, ал қалғандарында дерт ешбір симптом танытпаған. Қазіргі күні облыс бойынша 38 инфекция ошағы белгілі.

3 жарым мыңдай жерлесіміз бүгінге дейін анализ тапсырған, 29-ынан басқасының бәрі сап-сау. Айтпақшы, жұрт арасында өлкеде тесттер жоқ деген қауесет жүр. Бұл ақпарды өңірдің бас ақхалаттысы жоққа шығарды. 7 мыңдай сынақ бар дейді. Ал жұмыста жүріп COVID-19-ды жұқтырған медициналық қызметкерлердің саны бізде 15-ке жетіпті. 4-еуінде вирус расталған, ал қалғандары шартты түрде науқас деп танылыпты. Осындай қауіпті ортада қызмет етіп жүрсе де, дәрігерлерімізді көлікпен қамтуда проблема туған. Өткен аптада бір мекеме мамандары үйге жаяу жетіп жатырмыз деп шағымданған еді. Мәселе қалай шешілді?

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Жағдай шешілді барлық ұйымдар транспортпен қамтылған. Уақытша қиыншылық болды, бірақ қазір дүйсенбіден барлығы қалыпынша.

Әдетте ақпарды қысқа да нұсқа беріп құтылатын шенділер бұл жолы бұқпай, журналистердің барлық сұрақтарына жауап берді. Сөздерінше, жағдай тұрақталып келеді. Тек денсаулық сақтау министрінің болжамы былай: Қазақстан қазір эпидемияның шарықтау шегінде тұр. Шектеулер мен қағидалар сақталған жағдайда ол алдағы 3-3,5 аптаға жалғаспақ. Сондықтан, карантин шараларын жұмсартуға әлі ерте.

Саят Ермек