МТРА жаңалықтары

Өңірдің жылдық бюджеті 36 млрд теңгеге артты

Дағдарыс – дамуға кедергі емес, керісінше мүмкіндік. Қазір қол қусырып отырмай, импорттың орнын басатын тауарлардың өндірісін бастау қажет. Бұл туралы өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов алғашқы тоқсанның әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылаған жиында айтты. Отырыста тағы 2020-шы жылға арналған бюджетке енгізілген өзгерістер сөз болды.

Бірінші тоқсанның қортындысы бойынша барлық негізгі салаларда өсім байқалады. Оң динамиканы алдағы уақытта да сақтау қажет.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жылдың басында өңір бюджеті 262 млрд теңге болып бекітілді. Ол 298 тг млрд-қа дейін жетіп отыр. 2016 жылмен салыстырғанда екі есеге асып отыр. 3 жылдың ішінде осындай өсім бар.

Мүмкіндік те, қажетті қаражат та бар. Тек іске білек сыбана кірісу қажет. Алайда, көрсеткіштерді өсіреміз деп отырғанда, бүтін бір облысты артқа тартуы мүмкін аудандар бар. Мәселен, ауыл шаруашылығын алайық. Қызылжардағы екі бірдей құс фабрикасы бір мезетте аналық тауықты жаңартқан болатын. Салдары – міне. Жұмыртқа өндірісі бақандай 30 пайызға төмендеді. Әлеуметтік маңызы бар тауардың проблемасы екінші ай болды, әлі шешілер емес. Жанат Сәдуақасовтың сөзінше, ол тек шілдеде біржақты етіледі. Мәселені уақытылы түзеу өте маңызды. Қазір өнімдерді басқа елден жеткізетін уақыт емес. Әлемде дағдарыс басталуда.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Дағдарыс дамуға мүмкіндік береді. Әлемдегі ахуал бізге әсер етпеуі тиіс. Керісінше, өндіріс көлемін арттыруымыз қажет. Қарапайым заттар экономикасы бойынша жобаларды қолға алу керек. Ел бойынша аталған мақсатқа 1 трлн теңге бөлінді. Аудан әкімдері, тұрғындарға бұл мүмкіндік туралы жеткізіңіздер.

Карантин мен әлемдік дағдарыс кемшін тұстардың бетін ашты деуге болады. Импорттың орнын басатындай көлемде бізде өнімдер шығарылмайды екен. Сондықтан, өндіріс, ауыл шаруашылығы болсын, барлық салаларда жұмыс жетерлік.

Марат Тасмағанбетов – Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары:

– Қазір егістік науқанына қатысты өзгерістер енгізіп жатырмыз. Биыл тиімділігі жоғары дақылдарға арналған алқаптардың көлемін арттыруды жоспарлап отырмыз. Соның ішінде қарақұмық та бар.

Ал енді өндіріс саласына келер болсақ. Бірінші тоқсандағы өсім бақандай 8 пайыз. Одан да жоғары болар ма еді, Жамбыл, Мамлют пен Шал ақын аудандары көңілді қалдырмаса. Аталған үш аумақта көрсеткіш төмендеп барады. Соңғысына тоқталсақ. Мәселеге «Сергеев сүт өнімдері» серіктестігіне қатысты.

Нұрлан Есімов – Шал ақын ауданының әкімі:

– Сүт зауыты қыста жұмысын тоқтатады. Кәсіпорын 4-5 айға тұралайды. Көктемде шаруаларын қайта бастайды. Қазір серіктестік өкілдері ауылдарды аралап, сүт жинау бойынша келісім жасасуда. Алдағы бір аптаның ішінде өнідіріс ошағының тамырына қайта қан жүгіреді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Аудандарыңызда сүт көлемінің өсуі байқалуда. Бірақ, оны өңдейтін кәсіпорын мардымды жұмыс істемейді. Сергеев сүт өнімдеріне осыған дейін мемлекеттік қолдау көрсетілді. 77 млн теңге субсидия алып, қыс айында шаруаны тоқтатқаны несі? Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүреді екенсіздер. Қыста сүттің көлемі азайса да ақты барлық ауылдар мен көрші ауданнан жинауға болады ғой? Кәсіпорын жыл он екі ай жұмыс істеуі тиіс.

Өзге салаларға айтар мін жоқ, жоспар көп. Әсіресе, биыл құрылысшыларға шаруа жетерлік. 187 елді мекенде жаңадан нысандар салынып, ғимараттар қалыпқа келтірілмек. Үстіміздегі жылы 60 білім ошағын күрделі жөндеуден өткізуге 3 млрд теңге бөлінген болатын. Бүгінде ол тағы 2 млрд-қа артып, шатыры ауыстырылып, жылу жүйесі орнатылып, жарықтандыру мәселесі шешілетін мектептердің саны 100-ге дейін жетті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Күрделі жөндеу жұмыстарын 23 аурухана мен амбулаторияда жүргіземіз. Әрі биыл Берекеде жаңа емхана ашу жоспарда бар. Осылайша ықшам аудандағы медициналық қызмет көрсетуге қатысты проблема шешімін табады. Мәдениет саласындағы 24 нысан да биыл жөндеу көреді.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешендеріне арналған бюджет те өсті. 2020-да 3 ауданға спорт нысанын салу жоспарда бар еді. Енді олардың қатарына Аққайың, Тайынша мен Шал ақын аудандары қосылды. Жол жөндеуге де қазынадан қарастырылған қаржы 2 млрд-қа артты. Енді 700 емес, 770 шақырым қалыпқа келтіріледі. 74 елді мекендегі ауылішілік жолдар да түзелмек. Ауыз су мәселесіне байланысты шешім де қуантарлық. Таза тіршілік көзімен қамтылатын селолардың саны 59-дан 76-ға дейін жетіпті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2-3 аптадан соң мемлекет есебінен 9 көпқабатты үйдің құрылысы бастау алады. Тағы 11 баспананы жеке компаниялар тұрғызбақ. Биылғы жоспар 270 мың шаршы метрді қолданысқа тапсыру. Бірақ, оны асыра орындап, межені 300 мыңға дейін жеткіземіз деген ойдамын. Себебі, 12 айға бөлінген қаражатты тағы 23 млрд-қа арттыра алдық.

Биылғы бюджет пен жоспар ойлағаннан да асып түсті, қысқасы. Бастысы, шаруаның сапалы атқарылуын қадағалау қажет. Бұл ретте аймақ басшысы Құмар Ақсақалов нұротандықтар, депутаттар мен белсенді азаматтарды қоғамдық бақылау ұйымдастыруға шақырды.

Эльмира Садвокасова