Су тасқыны

Қала маңындағы 100-ге жуық саяжайды су басты

Ал енді су тасқынына қатысты соңғы мағлұмат. Құтқарушылар берген ақпарға сәйкес Петропавлдағы гидроторап 114 пайызға, яғни шамадан тыс толған.

Ернеуден 152 см-ге асқан қызыл су республикалық маңызы бар Челябі-Новосібір тас жолының Петропавл маңындағы учаскесін шайды. Қазір ол жабық. Сондай-ақ, тілсіз жау шаһар айналасындағы 100-ге тарта саяжайды басып үлгеріпті. Бірақ, бірде-бір тұрғын үйге кірмеген. Ал Сергеевка қоймасындағы деңгей, керісінше, төмендеп жатыр. Бұл тораптан бет алған су қазір Новоникольск ауылының маңайында, ол Петропавлға алдағы 2-3 күнде жетуі тиіс деп мамандар болжап отыр.

Серік Наурызбаев – СҚО ТЖД басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы:

– Қызыл су қала маңындағы Заречный мен Прибрежный ауылдарына келеді деп күтілуде. Сондықтан, осы елді мекендермен уақытша қатынас үзіледі. Есіл өзеніндегі тасқынның екінші толқыны бізге сәуірдің 20-сынан кейін Ақмола облысынан келуі тиіс. Ал кіші өзен-көлдер сәуірдің 6-7 күндері еріген қар суының салдарынан тасыған еді. Қазір жағдай тұрақталды. Ахуал ұдайы біздің бақылауда.

Саят Ермек