МТРА жаңалықтары

69 мың солтүстікқазақстандық 42500 теңгенің жәрдемақысын алды

Жұмысынан айырылғандар нәпақасыз қалмайды. Бүгінде мемлекеттен берілетін 42500 теңгені 69 мың солтүстікқазақстандық алып үлгерген. Азаматтар мұндай қолдауға ерекше ризашылығын білдіруде.

Әлеуметтік жәрдемді жақында Жакуповтар отбасы да алды. Отағасы Самат төтенше жағдай жарияланғалы бұрын Петропавлда жұмыс жасаған. Күн сайын аулынан облыс орталығына барып-келіп жүрген. Қалаға кіріп-шығуға шектеу қойылғаннан соң оның жұмысы тоқтап, табыссыз қалды. Ал келіншегі Диана қазір декретте, баласы болса 1 жастан енді асқан. Ерлі-зайыпты мемлекеттен берілген қолдауға дән риза. Айтуларынша өтініш жолдауда қиындық аса туындамаған.

Диана Жакупова, Архангельское селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Алғашында өтініш беру жоспарда болмаған еді. Енгізілген өзгерістерден кейін 1 жастан асқан балалары бар декреттегі аналарға да бұл сома беріледі деп естідім. Егов порталы арқылы тіркелдім. Өтінішімді қабылдамады. Сөйтсем, бірыңғай жиындық төлемді жасамаған екенмін. Кейін тиісті соманы аударып, қайта өтініш бердім. Кейін 2 күннен соң картама 42500 теңге түсті.

42500-ге Станислав Буландоның да қолы жетті. Азамат карантиннен бұрын мейрамханада бас аспаз болып жұмыс жасаған екен. Әлеуметтік жәрдемақы туралы өз бастығынан естіпті. Мұны біле сала ол көп ойланбастан еңбек сайты арқылы өтінім жолдайды.

Станислав Буландо, қала тұрғыны:

– Сайт ешқандай іркіліссіз жұмыс істеп тұрды. Өтінімді 1-ші реттен бере алдым. Әйелім екеуміз жақында ата-ана боламыз. Мемлекетке алғысымды білдіремін. Бұл қаражат балам туғанда керек болады.

Әлеуметтік жәрдемақы алуға 100 мыңнан астам солтүстікқазақстандық өтініш берген екен. Бүгінде олардың 69 мыңы мемлекеттік қолдауға іліккен.

Бердимурат Баймухан