МТРА жаңалықтарыБизнес және экономика

Табысынан айырылғандар несие төлеуден 3 айға босатылды

Төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған жандарға тағы бірқатар жеңілдік! Елімізде наурыздың 16-на дейін алған несиелер бойынша қарызды қайтару мерзімі шегертіледі. Ал, 7-20-25 және Баспана хит бағдарламалары арқылы үйге қол жеткізгендер 3 айға ипотека төлеуден босатылады. Бизнесі зардап шеккен кәсіпкерлерге де қолдау көрсету тетіктері бар.

Мемлекет тарапынан қиын жағдайда қалған азаматтарға көмек көрсету жалғасып жатыр. Қазір “7-20-25” пен “Баспана хит” бағдарламаларына өзгерістер енгізілді. Елдегі ахуалдың салдарынан табысынан айырылғандар тұрғын үй үшін төлемді, яғни ипотеканы 3 айға шегерте алады.

Диас Мэлс – “ҚР Ұлттық банк» РММ СҚОФ директоры:

– Клиент қаржылық жағдайының нашарлау себептерін көрсетіп, еркін түрде өтініш жазуы керек. Осы қағазды және жеке куәлікті сканерлеп немесе фотоға түсіріп, банкке онлайн түрде жолдауы тиіс. Осыдан басқа құжаттың қажеті жоқ. Қаржы ұйымдары клиенттерінің өтінішін 10 жұмыс күні ішінде қарастырады. Егер жеке тұлғаның табысынан айырылмағаны анықталса, банк төлем мерзімін ұзартудан бас тарта алады.

Өтініш мақұлданса, 16 наурыздан, 15 маусымға дейін азамат уақытша несиеден босатылады. Ал, осы аралықтағы қаржыны кейін төлейді. Банктер қарызды қайтарудың бірнеше механизмін ойластырыпты.

Диас Мэлс – «ҚР Ұлттық банк» РММ СҚОФ директоры:

– Біріншісі – қаржы ұйымдары төлемді займның соңына дейін біркелкі бөледі. Екіншісі – азамат қарызын кредиті аяқталғаннан кейін бірден немесе 3 айдың ішінде қайтарады. Үшіншісі – берешегін  несие мерзімінің соңғы 3-6 айында бөліп береді.

Сәуірдің 9-на дейін 900-ден аса солтүстікқазақстандық «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотеканы кейінге қалдыруға өтініш жасапты. Бүгінде 600-ге жуық тұрғынның арызы мақұлданған. Төтенше жағдай кезінде мемлекет тарапынан қолдау орта және кіші бизнес өкілдеріне де көрсетілмек. Кәсіпкерлер қазір айтарлықтай шығынға батып жатыр. Бірі жұмысын тоқтатса, екіншісі тауарларын өткізе алмай дал болуда. Сондықтан, Президенттің пәрменіне сай іскер азаматтарға жеңілдетілген несие берілмек. Бизнесмендер қарызды бір жылға дейін 8 пайыздық үстемеақымен ала алады. Ел бойынша аталған мақсатқа 600 млрд теңге бағытталмақ.

Диас Мэлс – «ҚР Ұлттық банк» РММ СҚОФ директоры:

– Бизнесмендерге арналған несиенің өз лимиті бар. Жеке кәсіпкерге 50 млн, ал шағын және орта бизнес субъектісіне 3 млрд теңгеге дейін қарыз беру қарастырылған. Ағымдағы мәліметтер бойынша, 15 сәуірге дейін екінші деңгейлі банктердің филиалдарына 6,3 млрд. теңге сомасына 26 өтініш қабылданды. Әзірге 176 млн. теңгені құрайтын бір қарыз берілді.

Тағы кәсіпкерлер мен тұрғындардың несиелері бойынша төлемді шегеру де қарастырылған.

Алма Дәуренбекова – ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Петропавлдағы аймақтық өкілдері басқармасының басшысы:

– Екінші деңгейлі банктер мен өзге де қаржы ұйымдарынан наурыздың 16-на дейін қарыз алғандар 3 айға кредиттен босатылмақ. Егер, төтенше жағдайға байланысты жұмысын тоқтатып, табысынан айырылғандардың қатарында болса, әрине. Өтінішті электрондық пошта, онлайн банкинг арқылы жіберу қажет. Арыз 10 күннің ішінде қарастырылады.

Айта кету керек, бірнеше санаттағы тұрғындарға кредиттік төлем автоматты түрде шегеріледі. Олардың қатарына қоғамның әлеуметтік әлжуас топтары, атаулы әлеуметтік көмекті алатын отбасы мүшелері мен ресми түрде тіркелген жұмыссыздар жатады.

Эльмира Садвокасова