Спорт

Солтүстікқазақстандық спортшылар онлайн жоба өткізіп жатыр

Шексіз спорт! Осындай атаумен солтүстікқазақстандық спортшылар карантин кезінде жаңа онлайн жоба өткізіп жатыр. Оның басты мақсаты – салауатты өмір салтын дәріптеу. Тың бастама аясында жерлестеріміз түрлі деңгейдегі жарыстарда атой салып жүрген жандардың шеберлік сағаттарын тамашалап, тікелей эфирде өз сауалдарын қоя алады.

“Шексіз спорт” жобасы аясындағы іс-шаралар әр күнге арналып бекітілетін мынандай кесте бойынша өтеді. Мысалы, тұрғындар 9-да жергілікті телеарнадан чемпионның таңғы жаттығуын тамашалайды. Ал, 15:00-де шеберлік сағаттын көруге болады. Ол адамдарға “іnstagram” және “facebook” сынды әлеуметтік желілерде көрсетіледі. Мұнда солтүстікқазақстандық спортшылар үйде жасайтын қарапайым жаттығулармен бөліседі.

Мына шеберлік сағаты облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының “facebook” парақшасынан кеше көрсетілді. Бұл жерде белгілі палуан, “Қызылжар арландары” клубының өкілі Мұхит Тұрсыновтың карантин кезіндегі үйдегі жаттығуларын тамашалауға болады.

Мұхит Тұрсынов – “Қызылжар арландары” спорт клубының өкілі:

 – Үйде жаттығу жасап жатырмын. Мұндай жаттығулар өзіңді қалыпты формада ұстауға көмектеседі.

Ал, сағат кешкі сегізде солтүстікқазақстандық спорт саңлақтары “іnstagram” желісінде тікелей эфирге шығады. Мұнда кез-келген азамат сұрақ қоя алады. Жалпы, өңірімізде «Шексіз спорт» атты онлайн жоба сәуірдің 14-і күні бастау алды. Содан бері тың бастамаға Мұхит Тұрсыновтан бөлек, Данияр Қаленов, Алексей Луценко, Руслан Заякин сынды чемпиондарымыз қатысып үлгеріпті.

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы