МТРА жаңалықтарыДенсаулық сақтау

Медициналық қызметкерлердің қатынауына автобус бөлінді

Медициналық қызметкерлердің қатынауына автобус бөлінді! Енді мамандар емдеу мекемесіне тиесілі және жалданған көліктермен жұмыстарына барып-келмек. Уақытша қолданысқа алынған машинаға ақы облыстық көпбейінді аурухана есебінен өтеледі.

Петропавлда карантин енгізілгелі бері қала ішінде қатынайтын автобустар тоқтатылды. Дегенмен олар бертінге дейін парктерде жай тұрған жоқ. Қоғамдық көліктер жұмысшыларды, оның ішінде медициналық қызметкерлерді тасымалдау үшін қолданылды.

Галина Семёнова – “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы:

– Сәуірдің 3-і мен 13-і аралығында қоғамдық көлік иелері медициналық қызметкерлерді тасымалдауға автобустар бөлді. Біз осы уақыт аралығында ешқандай келісім-шартсыз мамандарды жұмысқа және үйлеріне жеткізіп отырдық.

Алайда, қазір медициналық қызметкерлер жұмысқа жергілікті кәсіпкерлерден емес, емдеу мекемесінен бөлінген автобуспен қатынайды. Мәселен, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы 30 маманды өз көліктерімен апарып-әкеледі.

Олег Завьялов – облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері:

– Бізде кезекші көліктер бар. Бұл машиналармен қаланың шетінде тұратын қызметкерлерді апарып-әкеліп жатырмыз. Темір тұлпары бар жандар жұмысқа өздері жетеді. Ал, шаһардың орталығында тұратын мамандар жұмысқа жаяу келуде.

Бүгінде облыстық ауруханада 1000-ға жуық адам жұмыс істейді. Карантинге байланысты қазір олардың басым бөлігі қашықтықтан қызмет етіп жатыр. Ал 150 маманға арналып қосымша автобус жалданыпты. Оған ақы емдеу мекемесінің есебінен өтеледі.

Юрий Белоног – облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері:

– Біз үлкен автобус жалдадық. 2 млн теңгеге келісімшарт жасастық. Яғни, қызмет көрсетушіге ай сайын осынша ақы төлейміз. Көлікпенауруханадан алыста тұратын мамандарды тасымалдаймыз. Ал, басқа қызметкерлерді өз көліктерімізбен тасып жатырмыз.

 

Маржан Касымбек