МТРА жаңалықтарыАуыл шаруашылығы

Өңір диқандары бекеттерден өте алады

Өңір диқандары көктемгі дала жұмыстарына қажетті заттарды сатып алу үшін қалаға кіре алады. Блокпосттардан өтер кезде шаруалар бақылаушы мамандарға арнайы анықтама мен жолаушы парағын көрсету шарт. Тағы, бұдан өзге де талаптарды орындау керек.

Тайынша ауданындағы егістік алқабының аумағы 620,5 мың гектар жерді құрайды. Оның 11,5 мыңы «Астық-STEM» серіктестігіне тиесілі. Шамамен бір айдан кейін бұл танапқа түрлі дақылдардың тұқымы себіледі. Ал, қазір тракторлар мен арнайы техника топырақты өңдеу үстінде.

Бұл шаруа бір аптаның ішінде тәмамдалып қалуы тиіс. Жұмысқа 6 бірлік техника тартылыпты. Агроқұрылым директорының сөзінше алдағы бірер күнде олардың қатары толығады. Кәсіпкер барлық іс жоспарға сай жүріп жатыр, жанармай мен тұқым жеткілікті, науқанға техника сақадай сай дейді.

Талғат Хамидуллин, “Астық-STEM” ЖШС директоры, Тайынша ауданы:

– Қазір өңдеу және ылғал жабу жұмыстарын атқарып жатырмыз. Бұл істі міндетті түрде жүргізу керек. Сонда астық бітік шығады. Жалпы, бүгінде егіс науқанына 100 пайыз дайынбыз. Тыңайтқыштарды толық көлемде жеткізіп алдық. Ал, 200 тоннадай жанар-жағармайды төмендетілген бағамен жақында сатып әкелеміз.

Осы орайда күні кеше ғана елордада өткен Үкімет отырысына тоқталайық. Жиында премьер-министр Асқар Мамин бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды. Оның сөзінше қазіргі қиын кезеңде санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отыра фермерлерге көмек көрсету қажет. Мысалы, егіс жұмыстарымен кедергісіз айналысуды қамтамасыз ету, карантин енгізілген қалаларға ауыл шаруашылығы тауарларын жеткізушілердің көліктерін кіргізіп-шығару және жүктердің негізсіз бөгелуін болдырмау керек. Бұл тапсырма өңірімізде қалай орындалып жатыр? Мамандар қажетті жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектерді сатып алу үшін блокпостардан өте алады ма?

Наргиз Ақжігітова – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

– Агроқұрылымдарды минералды тыңайтқыштар және қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету жұмыстары кедергісіз жүргізілуде. Мамандар блокпостар арқылы өте алады. Ол үшін олардың қолдарында жұмыстан анықтама, жолаушы парағы болуы тиіс. Және ikomek сайтына кіріп, ақ тізімге енгізуге өтініш тастаулары қажет.

Жалпы биыл солтүстікқазақстандық аграрийлер 4,2 млн гектарға тұқым сіңіруді жоспарлап отыр. 

Бердимурат Баймухан