Құқық қорғау органдары

Құтқарушылар саяжай тұрғындарымен жүздесті

Өңірде су тасқынының алдын алу шаралары жалғасуда. Бүгінге дейін дамбалар нығайтылды, эвакуациялық қосындар дайын тұр. Ал құтқарушы мамандар қауіпті аймақтағы тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Анатолий Богинский «Искра» бау-бақша серіктестігіне 20 жылдан бері төрағалық етіп келеді. Сол себепті, ол бұл жердің әр бұрышын бес саусағындай жақсы біледі. Саяжайға кіруге тыйым салынған, тек тұрақты тұрғындары ғана қалыпты. Азаматтар бау-бақшаларын су басып кете ме деп алаңдайды. Бірақ, серіктестік төрағасы Анатолий Богинский күнделікті таңертең-кешке өзен жағасына барып, судың деңгейін тексеріп отырады. Ол беретін мәлімет құтқарушыларға да көмегін тигізетін көрінеді.

Анатолий Богинский – «Искра» бау-бақша серіктестігінің төрағасы:

– Жексенбі күні су 20 см-ге көтерілді, ал дүйсенбі оның деңгейі 1 де 20-ға төмендеді. Осылай күнде келіп тексеріп отырамын. Бүгін, міне су балықшылар құрған өткелден асып кетіпті.

Марина Носова «Труд» саяжай қауымдастығында тұрады. Осы жерді мекен еткеніне 12 жылдан асқан. Айтуынша жыл сайын жұбайы екеуі су келместен бұрын басқа жаққа көшіп кетеді. Ал бағып отырған малдарын жақындарының үйіне айдап апарып тастайды екен.

Марина Носова – «Труд» бау-бақша қауымдастығының тұрғыны:

– Малға жеп-шөп әкелу қажет. Ол үшін арнайы техника жалдаймыз. Заттарымызды басқа жаққа көшіріп апарамыз. 2017-ші жылғы тасқыннан кейін үйімізді қалыпқа келтіруге 2 жылдай уақыт кетті.

Ал көшетін жерлері болмағандарға Заречный кентінде эвакуациялық бекет бар. Ол 13-ші мектепте орналасқан.

Жалпы, Есіл өзенінің бойында 50 шақты саяжай орын тепкен. Олардың барлығы қауіпті аймақта орналасқан. Мұндағы 102 учаскіде бүгінде 150-ден аса адам тұрып жатыр.

Ержан Өтегенов – қалалық ТЖ басқармасының инженері:

– Қазіргі күні Сергеевка су қоймасындағы судың деңгейі төмендей бастады. Осыған байланысты алдағы уақытта өзеннің Петропавл тұсында деңгейі шамалы жоғарылайды.

Саяжайларға тұрақты тұрғындарынан бөлек, келіп-кетушілерге кіруге тыйым салынған. Тәртіп сақшылары бұл жерді күнде шолып өтеді. Тәртіпке бағынбағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

 

 

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан