Құқық қорғау органдары

Облыста карантин ережесін бұзған 168 адам жауапкершілікке тартылған

Карантин жарияланғанына қарамастан жалпыға ортақ ережені елемейтіндер кездесіп жатыр. Бүгінгі дейін облыс бойынша тиісті талаптарды сақтамаған 168 адам анықталып, олардың 93-іне айыппұл салынған.

Сағат кешкі 9 жарым. Шаһар көшелерінде зулап жүретін қалың көлік ағыны жоқ. Тек такси, азық-түлік жеткізумен айналысатындар мен жұмысынан қайтқан жандар. Дегенмен, полиция қызметкерлері бұл автокөліктерді тоқтатып, тиісті құжаттарын тексеріп тұруға міндетті.

Кезекті тексерістердің бірінде көлік жүргізушісінде қажетті құжаттар болмай шықты. Қасындағы жолаушысында да жеке куәлігі түгіл ешқандай ресми қағаз жоқ.
Кейін бұл қос азаматтың қонақтан келе жатқаны мәлім болды. Осылайша екеуіне қатысты хаттама толтырылды.

Айдын Ақмағамбетов – Петропавл қалалық ПБ ЖПҚ бөлімі бастығының орынбасары:

– Төтенше жағдай режимі кезінде қозғалысқа қойылған шектеулерге қарамастан тұрғындар белгіленген талаптарды бұзуларын тыяр емес. Қаланың ішінде ерсілі-қарсылы жүре береді. Көбінесе күндіз де, түнде де такси қызметін пайдаланады.

Жалпы, облыста карантин жарияланғалы бері 168 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның 93-іне айыппұл салынса, 13-і қамауға алыныпты. Ал қалған іс сотта қаралып жатыр.

 

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы