Әр түрлі

МТРА жариялаған Instagram-байқау қорытындыланды

“Үйде отырып, Муниципалдық телеарнаны тамашалаймын”. Осындай атаумен сәуірдің бірі инстаграмм-парақшамызда онлайн-байқау жариялаған едік. Көрермендер арасында өткен конкурс бүгін қорытындыланып, ең тапқыр және креативті қатысушылар анықталды.

Бұл – біз ұйымдастырған алғашқы онлайн-байқау. Шарттары, тіптен, қарапайым. Инстаграммдағы ресми аккаунтымызға тіркелген оқырмандарымыз арнаны көріп отырған сәтін фото не видеоға түсіріп, өз парақшасына жүктеп, астына арнайы хэштег қалдыруы тиіс болатын. 2 аптаның ішінде желіде осындай 50 шақты пост жарияланды. Шыны керек, қатысушылар қатары бізді таң қалдырмай қоймады: арасында ересектер де, балалар да, тіпті, сәбилер де бар.

– Хочешь быть в курсе всех новостей?! Оставайся дома, смотри МТРК!

Ең басты талап – тапқырлық пен креатив. Бүгін конкурс қорытындыланып, үздіктер анықталды. Сонымен, үшінші орынға Юлия Чеплыгина есімді көрерменіміз ие болды. Жеткіншек кішкентай ғана інісі және итімен бірге жаңалықтарды тамашалап отырған сәтін суретке түсіріп, парақшасына салған. Ал екінші орын Елизавета Муровскаяның еншісінде. Біздің арнаны ол жаттығу жасап жатып та көреді екен.

Ал жеңімпаз – Әсия Мұстафина мен оның қызы Дильназ. Креативті инста-оқырмандарымыз арнаның құрметіне бәліш пісіріпті. Үстіне, тіпті, “МТРК” деген жазба да орналастырған. Мұндай тарту ұжымды бейжай қалдырмады.

Дильназ Мұстафина – байқау жеңімпазы:

– Мен осы конкурста жеңгеніме қатты қуаныштымын. Үйде отырған соң бос уақытта отбасымызбен бірге МТРА көреміз, түрлі жаңалықтарды бақылаймыз. Осы конкурс үшін рақмет!

Байқау сыйлықсыз бола ма?! Жеңімпаздарымыз мен жүлдегерлерімізге арна логотипі бар саптыаяқтар, футболкалар және көпреттік бетперделер табысталды. Тағы бір шығармашыл көрермен Олеся Боровинская да назарсыз қалмады. Ең қызығы, ол Омбы қаласының тұрғыны болып шықты. Арнамызға арнап өлең жазғаны үшін Олеся ханымға да логотипіміз бейнеленген футболка тарту етіледі. Айта кетейік, қазір біздің инстаграмм парақшамызға 40 мыңға тарта адам тіркелген. Байқаудың мақсаты – оларды үйде отыруға шақыру. Өйткені, бұл – вирустың таралуын тоқтатудың бірден-бір жолы.

 

 

 

 

Саят Ермек