Аптадағы маңызды жаңалықтар

Киров атындағы зауыт штаттық режимде жұмыс істеп жатыр

Жарияланған төтенше жағдай мен шаһардағы карантин жергілікті экономикатүзеуші ірі кәсіпорындардың жұмысына өзгерістер енгізді, бірақ тоқтатқан жоқ. Қызметін штаттық режимде Киров атындағы зауыт та жалғастыруда.

Саят Ермек – тілші:

– Байланыс құрылғылары, баспа платалары және компьютерлер. Киров атындағы зауыттың тапсырыстар портфелі биыл аса ауқымды – шамамен 9 млрд теңге. Бұл тапсырыстардың басым бөлігі – мемлекеттік, сондықтан кей кәсіпорындар карантин уақытында тоқтап тұрғанда, бұл өндіріс ошағы жұмысын штаттық режимде жалғастыруда.

Өнімдерінің басым бөлігін зауыт Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті сынды маңызды органдар үшін жасайды. Сондықтан, кешіктіруге жол жоқ. Бірақ, жағдайға қарамастан, үлгеріп жатырмыз дейді басшылық.

Мәди Бектенов – «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ сату департаментiнiң директоры:

 – Біз қажетті бөлшектерді Қытайдан және өзге шет елдерден әкелеміз. Қазіргі уақытта карантин шаралары енгізілсе де, оларды жеткізу барысында қиындық жоқ. Өйткені, жүк тасымалдауға ешқандай кедергі жоқ.

Тек карантин қызмет барысына өзгеріс енгізбеді емес, енгізді. 42 адам жұмысын үйден істейді. Бұл – басшылар мен менеджерлер. 12 қызметкер еңбек демалысын алған. Қалғандары – 8 сағат бойы сапта. Тек жұмысқа кіріспес бұрын – қатаң бақылау.

Мәди Бектенов – «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ сату департаментiнiң директоры:

 – Күн сайын жұмысшы зауытқа келген бетте оның дене қызуы өлшенеді. Егер температура жоғары болса, ол жұмысқа кіргізілмейді, үйіне жіберіледі.

Қолды антисептикпен дезинфекциялап отыру, тек бетпердемен жұмыс істеу тағы бар. Талап – солай. Монтаждаушы Юлия Заикина күн ұзаққа маска тағынып отырудың ыңғайсыз екенін жасырмады, бірақ ереженің аты – ереже.

Юлия Заикина, «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ монтаждаушысы:

– Тыныс тарылады, құлақ ауырады, бірақ ақырындап ет үйреніп жатыр. Зауыт 4 автобус бөлді. Таңертең жинап жұмысқа алып келеді, кешке үйге апартып тастайды. Проблема жоқ.

Күніне бір рет жұмыс орны кварцталады. Бұл да – міндетті процедура. Қадам сайын – санитайзер. Ал антисептиктер мен маскалар – зауыт есебінен. Аса бір елеулі экономикалық шығынға да өндіріс ошағы ұшырап жа тқан жоқ. Жалақы уақытылы әрі толық көлемде төленуде.

 

 

Саят Ермек