Денсаулық сақтау

Күш – бірлікте

Күш – бірлікте. Петропавлдағы №1 аурухана дәрігерлеріне жан-жақтан қолдау көрсетілуде. Мамандар бүгінде коронавирус індетімен күресіп жатыр. Көзге көрінбес жаумен майданда жаны жайсаң азаматтар тыс қалмақ емес. Іскер әйелдер қауымдастығы ақ халаттыларға тәтті-дәмділерін жолдап, көңілдерін көтеру үшін құшақ-құшақ гүл сыйлауда.

Есіл-Диагностик» орталығының босап қалғанына 3 аптаға жуық уақыт болыпты. Бұрындары емдеу мекемесінде айына 150-ге дейін ота жасалып, күнделікті ондаған адам дәрігерлердің қабылдауына келетін. Жағдай бір мезетте өзгерді. Қызмет тек шұғыл көмек қажет азаматтарға көрсетіледі, ақ халаттылардың дені үйлеріне жіберілген. Қысқасы офтальмологиялық орталық қазір шығынға батуда. Бірақ, әріптестері коронавирус індетімен күресіп жатқанда ақша қаншалықты маңызды?!

Александр Рылов – «Есіл-Диагностик» ЖШС офтальмологиялық орталығының директоры:

 – Коронавирус індетімен күресте шет қалғымыз келмейді. Ауруды жұқтырған адамдармен күнделікті жұмыс істейтін мамандарға қандай көмек көрсете аламыз деп ойландық. Дәрігерлер өз өмірлерін қатерге тігіп, барлық халықтың амандығы үшін еңбектенуде. Сондықтан, қорғаныс костюмдеріне тапсырыс бердік.

Орталық  дәрігерлерге 90 костюм сыйламақ. Аталған мақсатқа серіктестік 1 млн теңгеге жуық қаржы жұмсапты. Қорғаныс киімінің сапасы жоғары. Түркия елінде шығарылған өнім өте берік материалдан жасалған. Балақтары мен жеңдерінде резеңкесі бар. Бастысы, костюмді бір емес, зарарсыздандырғыш сұйықтықпен өңдеп бірнеше мәрте қолдануға болады.

Біреуге бұл қарапайым сыйлық болып көрінер. Бірақ, COVID-19-бен күресте алғы шепте жүрген ақ халаттылар үшін әрбір қорғаныс киімінің маңызы зор. Майданда жауынгерлерді оқ өтпейтін кеудеше қалай қорғаса, біздің дәрігерлерді де бұл костюм тәж киген вирустан солай қорғамақ.

Дәрігерлер көзге көрінбес жаумен күресте жалғыз емес. Әр адамның өмірі үшін арпалыста жаны жайсаң адамдар қол ұшын созуда.

Ботагөз Сүлейменова – №1 қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

– Қазір жан-жақтан көмек көрсетіліп жатыр. Мәслихат депутаты, облыстық аурухананың бас дәрігері Юрий Белоног өз қаржысына ауа тартқыш желдету қондырғысын орнатты. Іскер әйелдер ассоциациясы бізге аналық қамқорлықтарын танытуда. Нәзікжандылар күнделікті дәмді пирог пен шай ішуге печенье, кәмпит әкеледі. Көңіл-күйлерін көтеру үшін тіпті құшақ-құшақ гүл де жібереді. Қолдау көрсетіп жатқан әрбір азаматқа алғысымызды білдіреміз. Бұл медицина қызметкерлеріне дем береді.

Мамандардың жұмысы қауырт, әрине. Ауыртпалықты мына ыңғайсыз костюмдер одан әрі көбейтеді. Бір ауысымға дәрігерлерге 42 арнайы киім қажет екен. Бірақ, бұл уақытша қиындық біздің дәрігерлердің сағын сындыра алмады, алмайды да.

Ғалия Сыздықова – №1 қалалық аурухананың инфекционист-дәрігері:

– Жаңа жұмыс режиміне, қорғаныс костюмдеріне үйрендік. Үйімізді, отбасымызды сағындық. Алайда, мойымаймыз. Барлығымыз бірігіп індетпен күресіп жатырмыз. Жанұямызбен қауышатын күннің ауылы алыс емес деген үміттеміз.

 

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова