Өнеркәсіп

Жергілікті шұлық фабрикасы бетперде тігуде

Бұған дейін шұлық тігіп келген кәсіпорын жаңа бағытта жұмыс істеуге көшті. Жергілікті “МАТЕХ” фабрикасы қазір бетперде тігуді жолға қойған. Күніне 500-600 маскадан әзірлейтін серіктестік пайда тауып қана қоймай, бетперде тапшылығын жоюға өз үлестерін қосып жатыр.

Осыдан небәрі бір ай бұрын бұл фабрика шұлық емес, маска тігуге көшеді деп кім ойлаған?! Бірақ, ахуал сол – бетперделер қазір сұранысқа ие. Сондықтан, кәсіпорын бағытын өзгертпекке бел буыпты. Бұл үшін тіпті арнайы тігін машиналарын сатып алған. Тәулігіне МАТЕХ масканың 500-600-дей данасын жасайды.

Алена Игнатьева – «МАТЕХ» ЖШС тігіншісі:

– Біз мүлде басқа бағытта, басқа қондырғылармен жұмыс істейтінбіз. Қазір мынадай қарапайым тігін машиналарын қолданамыз. Ересектерге ақ және қара түсті, ал балаларға арнап түрлі суреттері бар маскалар тігеміз.

Жұмыс мұнда қызу. Қорғаныс құралының бір-біреуін әзірлеу үшін небәрі 2-3 минут жеткілікті екен. Маска екі қабаттан тұрады әрі таза мақтадан тігіледі. Бетперделерді жуып, қайта қолдануға болады. Тауардың құны қалта қақпайды.

Таисия Маршалова – «МАТЕХ» ЖШС директорының орынбасары:

– Қоғамға пайдамызды тигізіп, бетперделердің тапшылығын жоюға өз үлесімізді қосқымыз келді. Сұраныс бар. Көбіне, кәсіпорындар өз қызметкерлері үшін сатып алып жатады. Сондай-ақ, интернет арқылы да тапсырыс беруге болады. Әр маска бөлек арнайы қаптамаға оралады.

Осылайша,«МАТЕХ» серіктестігі осынау қиын кезеңде қоғамға да пайда тигізіп жатыр, өзі де пайдаға кенелуде. Осының арқасында фабрикада қазір ақысыз демалысқа кеткендер жоқ, еңбеккерлердің бәрі жұмыста. Ал қауіпсіздік шаралары күшейтілген.

Дана Ешкенова