Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда сыйымдылығы үлкен қаптар тігілуде

Карантинге қарамастан экономика жұмыс істеуі тиіс. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов осылай деді. Бүгін аймақ басшысы сыйымдылығы үлкен қаптарды, яғни биг бэгтерді жасайтын цехтің жұмысымен танысты. Бұл – өңіріміз үшін жаңа әрі бірегей жоба.

“Вig bag” деген не? Қазақшалағанда “үлкен қап” дегенді білдіреді. Бұл қаптар цемент, құм, пластик гранулалары секілді сусымалы материалдарды үлкен көлемде сақтап, тасымалдау үшін қолданылады. Сұраныс өте жоғары, бірақ ұсыныс Қазақстанда аз. Мұндай алып қаптарды шығаратын цехтар елде бірен-саран.

Мұқан Садуов – “SMBGROUP Family” ЖШС құрылтайшысы:

–  “Вig bag”-ке деген отандық сұраныстың 60 пайызын қазір ресейлік өндірушілер жауып отыр. Яғни, жартысынан көбі импортталады. Сондықтан, алып қаптарды қолданатын компаниялар “big bag”-тер өзіміздің Қазақстанда өндірілсе деген ұсыныс жасауда.

Ұсыныс қабылданды, инвестор табылды. Жұмсақ контейнерлер енді Солтүстік Қазақстанда өндіріле бастады. Су жаңа цех қазір алғашқы тапсырыстарын орындап жатыр. Өндіріс ошағына қазірдің өзінде 600 млн теңге құйылған.

Мұқан Садуов – “SMBGROUP Family” ЖШС құрылтайшысы:

– Жапонның қымбат тігін машиналарын сатып алдық. Бір-біреуі 5800 доллар тұрады.

Бұл қымбат қондырғылардың көмегімен жылына алып қаптардың 1,5 млн данасын шығару көзделіп отыр. Бір “big bag”-тің сыйымдылығы – көп дегенде 2 тонна. Бірақ, агралық аймақ үшін бұдан да үлкен қаптар керек дейді Құмар Ақсақалов. Өйткені, оларды астықты сақтауда да пайдалануға болады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Аграрийлер бидайды қоймаларда сақтайды. Бұл қоймалар жарты жыл жұмыс істеп, жарты жыл бос тұрады. Сондықтан, астықты осындай қаптарда сақтауға болады. Ол үшін 50-100 тонналық үлкен қаптарды жасау керек. Ашық жерге қоюға болады, су өтпейді.

Сыйымдылығы 50-100 тонналық қаптарды жасауға болады. Бірақ, бұл келешектің еншісінде. Әзірге, цех жаңа-жаңа аяққа тұрып келеді. Қазір “big bag” тігуге қажетті материал мен жіптер Ресейден импортталуда. Бірақ, көп кешікпей кәсіпорын оларды өзі жасайтын болады. Бұл үшін Тайвань елінен қондырғыларға тапсырыс та беріліп қойған. Қыруар қаржы цехтің ғимаратын жөндеуге жұмсалған. Өндірістік аймақта ондаған жылдар бойы бос тұрған бұл ескі нысан көп ұзамай толықтай қалыпқа келтіріледі. Облыс әкімінің сөзінше, Петропавлда мұндай аумақтар жететін. Оларға бірте-бірте жан бітетін болады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қазірдің өзінде 22 аумақты қалыпқа келтіріп, инвестор тартып жатырмыз. Бір ғана Калинин атындағы зауыттың өзі неге тұрады?! Бұл кәсіпорынның ғимараттары ұзақ жылдар бойы қаңырап тұрды, ал қазір онда су жаңа дата-центрдің құрылысы жүріп жатыр. Тағы бір аумақта Түрік компаниясы ламинатталған фанера зауытын салады.

Мұндай жобалар өте көп және олар облыс үшін маңызды, өйткені жаңа жұмыс орындары құрылып, бюджетке салық түседі дейді әкім. Мәселен, қаптарды өндіретін цех осы күзде толық қуатқа шығып, 200-дей адамды еңбекпен қамтымақ ниетте. Сондай-ақ, Құмар Ақсақаловтың сөзінше, коронавирус эпидемиясы пен карантинге қарамастан экономика тұралап қалмауы тиіс. Сондықтан, ең ірі деген зауыттарымыз бүгінде жұмыс істеп жатыр. Бірақ, қауіпсіздік пен дезинфекциялық шаралар барынша күшейтілген.

Саят Ермек