Денсаулық сақтау

Медицина қызметкерлерінің флешмобы

Медицина қызметкерлерінің флешмобы. Кеше кешкі 9-дар шамасында Петропавлда бұрын-соңды болмаған ерекше акция ұйымдастырылды. 13 бірдей жедел жәрдем көлігі облыс орталығының басты көшелерімен дабылдатып жүріп өтті. Үрейленудің еш қажеті жоқ. Денсаулық сақтау саласы өкілдері осындай шара арқылы тұрғындарға карантин талаптарын сақтау қажеттігі туралы тағы бір мәрте еске салды.

Бірнеше жедел жәрдем көлігі берген дабыл алысқа естіледі. Тіпті, есік-терезені жауып, үйде отырған адамның құлағына да жетеді. Мұндай ерекше флешмоб Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған. Жалғыз Петропавлда емес, кешқұрым еліміздің ірі қалалары мен аудан орталықтарында өтуде.

Ұйымдастырушылар акция шулы, бірақ сонысымен тиімді дейді. Себебі, карантин ережесі сан мәрте айтылғанымен, қазір кейбір тұрғындар тиісті талаптарды сақтамай жүр. Мысалы, көшеде қыдырады, балаларын аулада ойнатады. Азаматтарға қазіргі тәртіпті тағы бір мәрте қаперге салу үшін осындай ерекше флешмоб қолға алыныпты.

Карина Грауверг – облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары:

– Індеттің алдын алу үшін үйде отыру қажет. Яғни, карантин ережесін қатаң сақтау керек. Бүгінгі таңда біздің станцияда 16 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы күніне 12-17 шақыруға барады. Соңғы уақытта түсетін қоңыраулар саны артты. Адамдар өз денсаулықтарына алаңдап, бізге жиі хабарласады.

Дәрігерлер тұрғындардан кешке ұйымдастырылған шулы акцияға түсіністікпен қарауды сұрайды. Олар осындай бастама арқылы қазіргі қиын кезеңде адамдарға тәртіп сақтап, негізгі ережелерді ұмытпауды еске салғымыз келді дейді.

Байболат Бектемірұлы