Денсаулық сақтауCOVID-19: Қазақстан

Өңірдегі 459 медициналық қызметкерге үстемақы берілді

Коронавирус індетіне қарсы күресіп жатқан мамандардың жалақысына үстемақы қосылып берілді. Аталған қаражатқа облыс бойынша 459 медициналық қызметкер ие болған. Бұл мақсатқа наурыз айына деп республикалық бюджеттен 44 млн теңге бөлінген.

Осыдан 21 күн бұрын өңірде коронавирус індетін жұқтырған алғашқы адам тіркелді. Тұрғын бірден №1 қалалық аурухананың инфекциялық бөлімшесіне жатқызылған болатын. Мұндағы қызметкерлер тәулік бойы тік тұрып, науқастарға ем-дом шараларын жүргізуде. Өз басын қатерге тігіп, жұмысын абыроймен атқарып жатқан жандарға үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр.

Ғалия Жоламанова – №1 қалалық ауруханасының медбикесі:

– Дертке шалдыққан жандарды емдеу үшін қолымыздан келгенін жасаудамыз. Осы еңбегімізді елеп, жалақымызға үстемақы қосып жатыр. Мұндай қолдау бізге зор қуат береді.

Бұл күні облыстық жедел медициналық көмек орталығында жұмыс қызу. Карантин кезінде денсаулығына алаңдаған тұрғындар мұнда жиі қоңырау шалатын көрінеді. Мәселен, тәулік ішінде станцияға 200-ден астам шақырту түседі. Адамдарға 16 жедел жәрдем бригадасының мамандары қызмет көрсетуде. Жандос Зағыпар – ісін жауапкершілікпен атқарып жатқан жандардың бірі.

Жандос Зағыпар – облыстық жедел медициналық көмек орталығының фельдшері:

– 24-ші және 31-ші наурыз аралығында үстемақы алдым. Бұл дәрігерлерге үлкен қолдау. Біз коронавирус індетімен күресуде өз үлесімізді қосуға дайынбыз.

Жалпы, коронавирусқа байланысты үстемақы алатын медициналық қызметкерлер үш топқа жіктелген.

– Қауіптілігі аса жоғары саналатын бірінші топқа реанимация бөлімдерімен қоса алғанда, жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері жатады. Ал екінші санатқа провизорлық станционарлар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері кіреді. Үшінші қауіптілігі орташа санаталын топта – карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер.

Бірінші санатқа жататын мамандарға жалақысынан бөлек 850 мың теңгеге жуық қаржы беріледі. Екінші топтағылар – 425 мың, ал үшінші топтағылар 212 мың теңгеден алады.
Аталған үстемақыға облыс бойынша 459 медициналық қызметкер ие болған. Бұл мақсатқа наурыз айына деп ел қазынасынан 44 млн теңге бөлінген.

Мейрамбек Ахметов – облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Пандемиямен күресте алғы шепте жүрген мамандардың барлығына наурыз айының үстемақысы төленді. Бұл жандар күндіз-түні тыным таппай, науқастарды емдеуде. Сондай-ақ, жедел-жәрдем қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер сынды мамандарға да ақша төленді.

Өңірдің медицина қызметкерлеріне арналып сәуір айына ел қазынасынан 113 млн теңге бөлінбек.

Маржан Касымбек