Ерiктiлер

Еріктілердің еңбегі

Еріктілер подъездерді дезинфекцияламайды! Қазір алаяқтар осындай сылтауды алға тартып, қарттарды алдауға тырысуда.Өңір волонтерлері тек азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізуге жұмылдырылған. Сондай-ақ, келісілген жағдайға жастар жалғызбасты қариялардың зейнетақысын да әкеп бере алады. Бүгінге дейін қыз-жігіттер 1800-ден аса солтүстікқазақстандыққа көмек көрсеткен.

Көмек керек болса, бұл қыз-жігіттер дайын тұрады. Волонтер дейтініміз де сондықтан. Ел мен барша халық үшін қиын сәтте олар алғы шепте жүр. Еріктілер жалғызбасты қариялардың, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың, жарымжандардың қолғабысына айналды.

Ирина Тухватуллина – СҚО жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқармасының басшысы:

– Төтенше жағдай кезінде 700 волонтер жұмыс істеп жатыр. Олардың барлығында қала бойынша жүріп-тұруға рұқсат қағаздары бар. Еріктілер азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізуге жұмылдырылған. Бүгінге дейін 1500 адамға тиісті көмек көрсетілді.

Тағы қыз-жігіттер онлайн қызметтерді алуға көмектеседі. Жалғызбасты қарияларға зейнетақысын әкеп бере алады. Ол үшін 109 нөміріне немесе бірыңғай кол-орталыққа хабарласу қажет. Соңғысының байланыс телефоны – 50-47-50. Әйтпеген жағдайда алаяқтардың қармағына ілігіп қалуыңыз мүмкін. Бүгінде егде жастағы қарттар мен көпбалалы отбасыларға көмек көрсетемін дегендердің қатары артуда. Жуырда облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың бастамасымен Достық үйінде волонтерлер штабы құрылды.

Ирина Литт – «Қоғамдық келісім» КММ жетекшісі:

–  Бүгінде штабта 60-тан аса ерікті бар. Олардың 4-уі күнделікті супермаркеттерде тапсырыс қабылдайды, 30 адам азық-түлікті жеткізіп берумен айналысады. 2-уі мектептерде электрондық қолтаңба алуға көмек көрсетеді.

Тағы 24 ерікті қаламыздың әрбір ықшам ауданында еңбектенеді. Олар не істейді? Егер волонтер Берекеде тұратын болса, осы жердің тұрғындарына жәрдемдеседі немесе Шығыс ықшам ауданының азаматтары көмек сұраса, соларға қолғабыс етеді. Этномәдени бірлестіктер де қиын-қыстау кезде қарап қалмады. Жаны жайсаң петропавлдықтармен бірігіп олар жалпы сомасы 700 мың теңгеден асатын азық-түлік қоржындарын әзірлепті. Бүгінде пакеттердің барлығы мұқтаж жанұяларға, жалғызбасты қарттарға үлестірілген. Гуманитарлық көмекті жинау әлі де жалғасуда.

Эльмира Садвокасова