ТЖ

Өткен аптада 235 өрт оқиғасы тіркелді

Табиғат аясында от жағуға болмайды! Жақында тиісті ережені елемеген 10 тұлға анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Ал, өткен аптада өңірімізде 230-дан аса өрт оқиғасы тіркелген. Тілсіз жаудан жарақат алғандар бар. Сенбіден жексенбіге қараған түні қала тұрғынын күйік шалыпты. Азамат бірден жансақтау бөлімшесіне жатқызылған екен.

Өңірде 5-ші сәуір күні өрт қаупі кезеңі басталды. Қазір адамдарға табиғат аясына шығып, от жағуға болмайды. Дегенмен, өңірімізде тиісті ережені елемейтін жандар бар. Жақында мұндай 10 адам анықталып, әкімшілік жауапкерлішікке тартылған. Олар далада шөп жандырған екен.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Бүгінгі күні 55 шөп жану фактісі тіркелді. Өткен демалыс күндері тек Петропавл қаласында 30 мәрте шөп жанды.

Жалпы, өткен аптада облыс аумағында 235 өрт оқиғасы тіркелген. Төтенше жағдайдың біразы Петропавлда орын алыпты. Мысалы, сәуірдің 11-нен 12-не қараған түні Болатбаев көшесі бойында орналасқан 32-ші үйден от шығыпты. Аталған жерге құтқарушылар дереу жетіп, 9 қабатты баспанадан 87 адамды эвакуациялаған. Оның 23-і – бала. Қызыл жалынды ауыздықтауға 24 маман мен 6 бірлік техника жұмылдырылған екен.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Төтенше жағдай орын алған пәтерден 60-шы жылы туылған ер адам мен оның 59-шы жылғы зайыбы құтқарылды. Отағасы дереу облыстық аурухананың жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Азаматтың денесінің 40 пайызын күйік шалған. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Ал, нәзік жанды – дін аман.

Бүгін түнде де Петропавлда бет қаратпас өрт оқиғасы орын алды. Түнгі 2-лер шамасында “Береке” ықшам ауданында орналасқан жер үй отқа оранды. Қызыл жалын тұтанған кезде баспанада 6 адам болған екен. Оның 3-уі – кәмелеттік жасқа толмаған балалар. Абырой болғанда,
тілсіз жаудан ешкім зардап шеккен жоқ. Бірақ, нысанның шатыры толығымен жанып кетті. Қазір өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр.

Актолкын Солтанханкызы