Спорт

Спортшылар тұрғындарды үйде жаттығу жасауға шақыруда

Карантин кезінде үйде отырып, жаттығу жасайық! Солтүстікқазақстандық спортшылар өңір тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыруда. Белсенді жерлестеріміз қазіргі таңда әр адам жалпыға ортақ ережені сақтап, уақыттарын тиімді өткізу қажет деп санайды.

Елімізде қауіпті індеттің таралуына жол бермей, алдын алу үшін стадиондар мен спорт кешендері жабылды. Сол себепті қазір спортшылар үйлерінде жаттығу жасап, халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақыруда.

Данияр Қаленов. Бұл есім солтүстікқазақстандықтарға жақсы таныс. Себебі, грек-рим күресінің шебері түрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарып жүр. Мысалы, палуан 2017-ші жылы жабық кешендегі V Азия Ойындарына қатысып, ел қоржынына алтын алқа салды. Одан кейін де бірнеше додада мықтылығын дәлелдеді. Білекті жігіт бүгінде Петропавлда, яғни жақындарының жанында. Бірақ, жаттығудан қол үзбеген. Күніне үйінде бір-екі сағат жаттығу жасап, өзін қалыпты формада ұстайды.

Данияр Қаленов – жабық кешендегі V Азия Ойындарының, халықаралық “Болат Тұрлыханов Кубогы” турнирінің жеңімпазы:

– Осындай қиын сәтте бір-бірімізге демеу болуымыз керек. Барлық қойылған талаптарды сақтап, үйде отыруымыз керек. Бірақ, спортты да ұмытпай, үйде шынығып отырайық.

Ер адамдар ғана емес, үйде қыз-келіншектер де жаттығу жасай алады. Бұл – жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ирина Эктованың пікірі. Желаяқ жерлесіміз нәзік жандылар қауымы үнемі спортпен шұғылданса, дене бітімдері сымбатты болады дейді. Мұны қазір ел мақтанышы көпшілікке насихаттап та жүр екен.

Ирина Эктова – жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Үйде жаттығу жасап жүргенімізге біраз уақыт болып қалды. Үй мен спорт залдың айырмашылығы бар. Спорт залда көп энергия жұмсаймыз, ал баспанада көп күш жұмсалмайды. Жаттығуымды видеоға түсіріп, өзімнің ізбасарларыма жіберіп тұрамын. Және тұрғындарды үйде спортпен айналысуға шақырамын.

Жалпы, елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері спортшыларымыз онлайн жаттығулар өткізіп, түрлі челендждер ұйымдастыруда. Белсенді жандардың арасында солтүстікқазақстандықтардың да барын айта кеткен жөн.

Дана Ешкенова