Қоғам

Шаһарда 4 мыңға жуық ағаш отырғызылады

Қайың, алма, шырша мен қарағай. Биыл шаһарда 4000 мыңға жуық көшет отырғызылмақ. Бұл жұмыс мамыр айында басталады деп жоспарлануда. Ал, оған дейін шіріп, әбден қураған ағаштар кесілмек. Қаламыздағы Интернационал мен Потанин көшелерінде қазір 50-ге жуық жасыл желек паразиттердің құрбанына айналыпты.

Қаз-қатар тізіліп тұрған мына үйеңкілердің барлығын бірдей жасыл желек деп айтуға келмейді. Себебі, атына заты сай емес. Ағаштар осыдан 50 жыл бұрын отырғызылыпты. Жарты ғасыр бойы шаһардың ауасын тазартып, көркін келтірген. Енді «жарамдылық» мерзімі аяқталды. Өсіп тұрғанның бірқатары – ауру. Яғни, шіріп жатыр. Жаз келгенде олар бұрынғыдай құлпырып, қаланың сәнін келтірмейді. Керісінше, шырайын бұзады әрі тұрғындарға қауіп төндіреді.

Артур Рязапов – «Ботаникалық бақ» ҮЕҰ жетекшісі:

– Біз орман патологиялық зерттеу жүргіздік. Іс барысында Потанин мен Интернационал көшелерінің бойындағы 198 ағаштың бүгінгі жағдайын тексердік. 50-ге жуығы шіріп жатыр. Бүгін-ертең сынуға шақ қалыпты. Қалада жел күшейіп, қатты дауыл болса, үйенкілердің тротуарға немесе жолдың өзіне құлауы ғажап емес.

Ағаштар тым биік емес. Кезінде электр сымдарына тимес үшін бұтақтары талай рет кесіліпті. Әрі бұл шаруа жасыл желектердің жағдайын оңалтқан көрінеді. Сонда да уақыт өте келе үйеңкілер жәндіктердің құрбанына айналған. Кейбір ағаштардың дәл ортасында қазір тіпті құмырсқаның ұялары да бар. Паразиттерден зардап шеккен жасыл желектерді түп тамырымен жұлып тастамаса, ертең қандалалар өзгелерін мезгілінен бұрын құртуы мүмкін. Бірақ, аққайыңдар өлкесінің, оның ішінде Петропавлда шырайы бұзылмайды, уайымдамаңыздар…

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

–  Биыл 4 мыңға жуық көшет отырғызылмақ. Шаруа мамыр айында бастау алады. 01-59 Оның ішінде қайың, алма ағаштары бар.

Ал, қазір мамандар шіріген ағаштарды кесу шаруасына кіріскен. Жұмыс бүгінде Потанин көшесінің бойында жүргізілуде.

Эльмира Садвокасова