ТЖ

Ғ.Мүсірепов ауданында тасқын қаупі сейілуде

Тасқын қаупі біртіндеп сейілуде. Ғ.Мүсірепов ауданындағы Ақанбарақ, Шарық, Ақанбұрлық, Жембарақ өзендерінің деңгейі төмендеді. Ал, жергілікті әкімдік болса, құтқарушылармен бірігіп қызыл судың алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде бірнеше селоның шетінде топырақ үйіндісі жасалған. Ал, су шайған жол бөліктеріне инерттік материал төселді.

Ғ.Мүсірепов ауданының тұрғындары қазір тақымдарын қысып отыр. Себебі, 2017-ші жылдың көктемі мұндағы жұрттың әлі есінде. Сол кездегіндей төтенше жағдай қайталанбас үшін қызыл судың алдын алу шараларын жергілікті әкімдік пен құтқарушылар біраз уақыт бастапты. Мамандар Рузаевка селосының шетінде топырақ үйіп, бөгет жасаған. Дәл осындай шаруа Шарық пен Жембарақ өзендерінің түйісетін жерінде де жүргізілді. Биіктігі – 1,5, ал ұзындығы 600 метр болатын үйінді тасқынның бетін қайтармақ.

Екатерина Голянина – Рузаевка селосының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Биыл үйлерімізді су баса ма деп қорықтық. Әйтеуір мамандар барлық шаруаны уақытында атқарды. Топырақ үйінділері жасалып, өзендердің жағалары да нығайтылды.

Старобелка мен Ұзынкөл ауылдарының жанында орналасқан көлдің каналдары тазартылған. Соңғысының маңында биіктігі – 1,5, ал ұзындығы 400 метрге дейін жететін топырақ үйіндісі де жасалыпты. Сонымен қатар, Новоселовка-Шүкіркөл, Шүкіркөл-Қарағаш аудандық маңызы бар жолдарға инерттік материал төселді. Себебі, аталған трассаларды су шайған болатын. Тасқынды алдын алу шаралары Новоишим селолық округінде де жүргізілуде. Мұнда дамба нығайтылып, аудан орталығында еріген қар суын сорып алу жұмыстары аяқталды.

Татьяна Крец – Новоишим селосының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Көшелерден қар шығару жұмыстары жүргізілді. Биыл ақ ұлпаның мөлшері тым көп болды. Маңайдағы жасанды су айдыны, яғни котлованның толуы туралы да хабар беріп едік, ондағы суды мамандар сорып алды.

Новоишим, Рузаевка мен тағы 3 ауылдың маңында 1700 тонна болатын қосымша инертті материал дайындалған. Жалпы қазір Ғ.Мүсірепов ауданында қызыл судың қаупі сейілуде. Себебі, Шарық, Ақанбұрлық, Жембарақ өзендеріндегі тіршілік көзінің деңгейі төмендеп жатыр.

Эльмира Садвокасова