МәдениетҚоғам

Карантиндегі тұрғындар үшін концерт ұйымдастырылды

“Біз біргеміз”! Осындай атаумен кеше жергілікті өнерпаздар подъездері карантинге жабылған үйлерге барып, пәтерлерінде отырған тұрғындар үшін аулада концерт ұйымдастарды. 30 минуттық шарада әртістер қазақ және орыс тілдерінде ән шырқады.

Бұл – Кәрім Сүтішев көшесіндегі 17-ші үйдің 3-ші подьезді. 36 пәтер орналасқан подьезд 1-ші сәуір күні уақытша карантинге жабылды. Қазір мұндағы тұрғындар ешқайда шыға алмайды. Есік алдында тәртіп сақшысы тұр. Ол жалпыға ортақ ереженің сақталуын қатаң қадағалайды. Бүгін бұл баспанада тұратын адамдардың көңілі бір көтеріліп қалды. Оларға арнап жергілікті өнерпаздар аулада шағын концерт ұйымдастырды.

Серік Өтепбергенов – облыстық халық шығармашылығы орталығы қазақ бөлімінің басшысы:

– Карантинде жатқан бауырларымызға рухани көмек беріп жатырмыз. Бұл – өте жақсы бастама. Бір үйде қамалып отыру қазіргі күні өте қиын. Дегенмен, барлығымыз бірге бұл індеті жеңіп шығамыз деген ойдамыз.

“Атамекен”, “Птица счастье”, “Музыка нас связала”. Мұндай шара Нұрсұлтан Назарбаев көшесі бойында орналасқан 345-ші үйдің ауласында да өтіп жатыр. Осыдан 2 апта бұрын мұндағы подьездердің бірі де карантинге жабылған. Сондықтан тұрғындар әртістердің өнерін терезеден тамашалап, алғыстарын қошемет арқылы білдіруде. Жерлестеріміздің арасында бірге қосыла ән шырқағандар, видеоға түсірген де бар.

Жалпы, мұндай көңілді шара қаламыздағы 11 мекен-жайда өтті.

Ақтолқын Солтанқызы