Аптадағы маңызды жаңалықтар

Егістік науқанға әзірміз бе

Істен шыққан техниканы жөндеуде проблема болмайды. Себебі, шаһардағы карантин аудандарға қосалқы бөлшектерді жеткізуге кедергі келтірмейді. Бұл жайлы бүгін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ерболат Бекшенов мәлімдеді. Арнайы ұйымдастырылған брифинг барысында ол көктемгі егіс науқанына әзірлік барысын баян етті.

Жегіп жегін, ексең егін, ішерсің тегін! Егін егер науқан жақындап келеді. Бірер аптадан соң жергілікті диқандар алқаптарға техникаларын шығармақ. Биылғы меже – тұқымды 4,2 млн гектарға сіңіру.

– Оның жартысынан көбіне, шамамен 3 млн гектарына – дәнді дақылдар, ал 950 мыңына майлы дақылдар сіңіріледі. Аграрийлер шамамен 50 мың гектарға – соя, 32 мың гектар жерге – картоп екпекші. Көкөніс алқаптарының көлемі – 6, ал жемшөп дақылдары егілетін аумақ – 350 мың гектарды құрайды.

Көктемгі дала жұмыстарын абыроймен атқару үшін диқандарға үш нәрсе аудай қажет: тұқым, техника және жанармай. Тұқымның тиісті қоры бар – шамамен 500 мың тоннасы дайын тұр, ал жыл басталғалы солтүстік аграрийлері 407 жаңа трактор мен себу кешенін алған. Техниканың 98 пайызы жұмысқа дайын деп есеп берді ауыл шаруашлығы басқармасы. Ал жанармай?

Ерболат Бекшенов – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Биыл мемлекет аграрийлерді жеңілдетілген жанармаймен толықтай қамтиды. Дизельдік отынның 70 мың тоннадайы Павлодар және Атырау мұнай-химия зауыттарынан жеткізіледі. Президент пәрмені бойынша бұл жанармай диқандарға арзан бағамен өткізіледі.

Яғни, литрі үшін – 165 теңге. Билікті мұндай қолдауға – коронавирус инфекциясы итермелеп отыр. Иә, эпидемия жер емген диқандардың жұмысын да қиындатуда. Шекарасы жабылған Петропавлдан техникаға керекті қосалқы бөлшектерді алу – басты проблемалардың бірі. Аудандардағы аграрийлер «қайтеміз?» деп шырылдаған еді. Мәселе шешіліпті.

Ерболат Бекшенов – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Бүгінгі таңда Петропавлдағы барлық қосалқы бөлшек дүкендері жұмыс істеп жатыр. Ауыл шаруашылығы компанияларына қызмет көрсететін сервистік компаниялардың тізімі жасалған. Бұл тізім блокпосттарға берілген. Олар блокпосттардан өтіп, аудандарға барып жүр. Ешқандай проблема жоқ!

Қаржыландыруда да проблема жоқ дейді Бекшенов мырза. Өсімдік шаруашылығымен айналысатын солтүстікқазақстандық фермерлерге жеңілдікпен несие алуға болады. Займды «ҚазАгро»-ның қаржы институттары береді.

Ерболат Бекшенов – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– «ҚазАгро»-ға өтініш жазып, сол ақшаға рұқсат алуға болады. Жыл басынан бастап 18,3 млрд. теңгеге 300 өтінім қаржыландырылды, оның ішінде АКК арқылы 13,2 млрд. теңге сомасына 213 өтінім қаржыландырылды, КАҚ арқылы 5,1 млрд. теңгеге 87 өтінім қаржыландырылды. Қазіргі уақытта өтініштер қабылданып, несиелер беріліп жатыр.

Минералдық тыңайтқыштарды субсидиялауға биыл 5,7 млрд теңге бөлініп қойған екен. Шаруалар тұқым жаңартуға да асық. Биылғы жылы алқаптарға шамамен 34 мың тонна элиталық дән сіңіру жоспарланып отыр.

Саят Ермек