Ауыл шаруашылығы

Аққайыңдық шаруалар көктемгі дала жұмыстарына әзірленіп жатыр

Қазір көппен бірге Аққайың ауданының шаруалары да көктемгі дала жұмыстарына қамдануда. Бүгінде мұндағы фермерлер 80 бірлік трактор мен 69 тұқым сепкіш кешенді іске әзірлеп қойыпты. Жыл басынан 19 техника сатып алынған.

Аққайыңдағы егістік жердің көлемі 240 мың гектарды құрайды. Биыл оның 205 мыңына дән себіледі. Қалғаны парға қалдырылмақ. Мамандардың мәліметінше 154 мың гектар аумаққа – дәнді және дәнді бұршақты, ал 35,1 мыңға майлы дақылдардың тұқымы сіңіріледі. Науқанды жүргізуге 20 өтінім қаржыландырылыпты. Кредит көлемі 637 млн. теңгеге жуықтайды. Бүгінде тағы 5 құжат қаралып жатыр.

Ермек Сопаяқов – Аққайың аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Биыл жауын-шашын аз түсті. Қазір алқаптардағы ылғал қоры 60% құрайды. Алдағы уақытта жаңбыр жауады деп сенеміз. Жалпы, көктемгі дала жұмыстарын уақытылы бастап, аяқтаймыз деп ойлаймын. Соған бар күшімізді саламыз.

Байболат  Култанов