МТРА жаңалықтарыҚоғам

Төтенше жағдай мен карантин қағидаларын сақтау маңызды

Төтенше жағдай режимі уақытылы енгізілмегенде Қазақстандағы коронавирус эпидемиясы бақылаудан шығып кетер еді дейді сарапшылар. Мұндай жарлықтың ел тарихында алғаш рет қабылданғанын ескерсек, бұл шешімнің қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады. Бірақ, кей жерлестіріміз мұны әлі күнге дейін түсінбей келеді.

 Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мной был подписан Указ о введении Черезвычайного положения на территории нашей страны.

Төтенше жағдай режимінде Қазақстан осымен 26-шы күн өмір сүріп келеді. Аталған Жарлық – кезекті қарапайым құжат емес. Ата Заң бойынша бұл шешімді Президент жайдан-жай қабылдай алмайды. Ал қабылдаса, салмақты себеп бар деген сөз.

Евгений Кинцель – заң консультанттарының солтүстікқазақстандық тәуелсіз палатасының басқарма төрағасы:

– Егер ел азаматтарының қауіпсіздігіне тікелей қауіп төніп тұрса, Конституцияның 44-ші бабының 16-шы тармақшасына сәйкес Президент ел аумағында Төтенше жағдай режимін жариялай алады. Қазіргі таңда тікелей қауіп дегеніміз – коронавирус пандемиясы.

Ойланатын жәйт – тәуелсіздік алған 91-ден бері күллі Қазақстан аумағында Төтенше жағдай бірде-бір рет жарияланған емес. Яғни бұл – ахуалдың мәз емес екендігін білдіретін тарихи шешім. Заңгер Евгений Кинцель мемлекет басшысы бұл шешімді уақытылы қабылдады дейді. Қазірдің өзінде қауіпті вирусты жұқтырған қазақстандықтардың саны 800-ден асып жығылады. Режим енгізілмегенде науқастардың сатистикасы геометриялық прогрессиямен өсіп, ел аумағындағы эпидемияны бақылау мүмкін болмас еді.

Евгений Кинцель – заң консультанттарының солтүстікқазақстандық тәуелсіз палатасының басқарма төрағасы:

– Төтенше жағдай режимінің де, Петропавлдың карантинге жабудың да мәні – осында. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, қазір қала бойынша еркін қатынауға болмайды, көптеген ұйым-мекемелер жұмысын тоқтатты, азаматтардың белгілі бір құқықтары шектелді. Бірақ, бұл – заңды шектеулер. Оны билік ермек үшін емес, халық үшін енгізіп отыр. Сондықтан, тұрғындарға жоғары жауапкершілік таныту керек.

Бұл талай рет айтылды, тек кейбірінің көкейіне қонбаған сыңайлы. Манағы жарлықты да, шаһарда жарияланған карантинді де пысқырмайтындар бар. Иә, камера объективіне Петропавлдың бас көшесімен балмұздақ ұстап серуендеп, баласын ертіп қыдырып жүргендер жиі ілігеді. Оны қойшы, жасанды анықтама жасатып, алдамаққа әрекет еткендер де бар. Инфекция өршіп, қауіп төніп тұрғанда бұл қаншалықты саналы әрекет – риторикалық сұрақ. Ал сол әрекеттері үшін жауапқа тартылғандар ережеге бағынуға міндетті екенін ұмытып, “құқығым тапталды” деп шырылдайды. Еске салсақ, төтенше жағдай режимін бұзғандар шамамен 27 жарым мың теңгенің айыппұлын төлейді не 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады. Ал негізсіз жазаландым дегендер прокуратураға жүгініп, құқығын сотта қорғай алады.

 

 

 

 

Саят Ермек