Мәдениет

Карантин уақытында бос отырмай өй-өрісті кеңейтіп, рухани азық алуға болады

Карантин кезінде бос отырмай өй-өрісті кеңейтіп, рухани азық алуға болады. Жерлестеріміз карантин кезінде уақыттарын пайдалы өткізулері тиіс. Осы орайда облыстық мәдениет басқармасы іс-шаралардың барлығын онлайн режимге ауыстырды. 25 концерт, 25 спектакль мен 35 шығармашылық оқу. Бұлардың барлығын енді үйден шықпай-ақ тамашалауға болады.

“Үйде жата беріп ішім пысты. Не істерімді білмеймін”. Бұл сөзді қазір екінің бірі айтуда. Бірақ, одан басқа амал жоқ. Қауіпті індетке тек оқшаулану арқылы тосқауыл қоя аламыз. Иә, бұрынғыдай театр, кино, кітапханаға бару деген бүгін арманға айналды. Қатысып жүрген үйірмелер де өз жұмысын тоқтатты. Енді, қалай боламыз? Осы орайда мәдениет саласының өкілдері жерлестерімізге арнап жаңаша бастамалар әзірледі.

Құралбек Атамұратов – СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

– Сіздердің үйдегі карантиндік уақыттарыңыздың қызықты өтуі үшін мәденит басқармасы күнделікті режимдегі онлайн бағдарламалар жоспарын жасады. Бұл жоспар мәдениет саласының барлық бағыттары бойынша қызықты, тікелей режимдегі іс-шаралармен қамтылған.

Іс-шаралар әр түрлі категорияға бөлінген. Ол концерттер, спектакль, шеберлік сағаттары, онлайн-үйірмелер, шығармашылық кездесу, онлайн-музей, жаттығулар, онлайн-кітапхана. Олардың барлығы Алтын Орданың 750 жылдығы, ғұлама әл-Фарабидің 1150 жылдығы, қазақ елінің рухани құбыласы Абайдың 175 жылдығы және Ұлы Жеңістің 75 жылдығы сияқты мерейтойлық даталар аясында өткізіледі.

Құралбек Атамұратов – СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

– Сәуір айының соңына дейін түрлі форматтағы 120-дан аса мәдени шара өткізіледі. Тұрғындардың назарына 25 концерт, халық арасында танымал тұлғалармен сұхбат, 25 қойылым, 20 онлайн-дәріс пен 35 шығармашылық оқу әзірленді.

Сондай-ақ, музыкалық аспапта ойнап үйренем дегендер де оны үйден шықпай іске асыра алады. Тұрғындарға домбыра, қобыз, скрипка, гитара секілді басқа да аспаптарды онлайн-үйрету қолға алынды. Айтыссүйер қауымына да жақсы жаңалық. Ерік Асқаров атындағы жас ақындар мектебінің ұжымы көрермен назарына онлайн-айтыс ұсынып жүр.

 

 

Бердимурат Баймухан