МТРА жаңалықтары

Көмекке мұқтаждарды ақшалай қолдау

“Biz Birgemiz”. Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің бастауымен  әлеуметтік жағынан әлжуаз тұрғындарға көмек көрсету мақсатында  қор құрылған болатын. Оған еліміздің қалталы азаматтары қаражат аударып жатыр. Петропавлдағы қорға 183 жарым млн теңге ақша түсіпті. Бірреттік арнайы төлемге бүгінде 2800-ден астам жерлесіміз қол жеткізген.

Анастасия Гурьянова жалғыз өзі 4 бала тәрбиелеп отыр. Балапандарын жұрттан кем қылмайын деп тынбай еңбек етеді. Алайда, коронавирусқа байланысты отбасы табыс көзіңнен айырылыпты. Десе де, тағдырдың тауқыметіне мойынсынбайтын жанның жағдайы ешкімді бейжай қалдырмады. Көпбалалы анаға “Biz Birgemiz” қорынан 50 мың теңге жәрдемақы беріліпті.

Анастасия Гурьянова – қала тұрғыны:

– Әлеуметтік көмек жайлы Инстаграм желісі арқылы білдім. Кейін, «Nur Otan» партиясының жергілікті филиалына хабарласып көрдім. Олар маған тізімде бар екенімді айтты. Келесі күні есепшотыма 50 мың теңге жіберді. Қиын кезеңде қол ұшын созған жандарға алғысымды білдіремін.

Қиын кезеңде ешкім қолдаусыз қалмайды! “Biz Birgemiz” қоры жуырда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің бастауымен құрылған болатын. Оған еліміздің қалталы азаматтары қаржы аударып жатыр. Петропавлдағы қорға 183 млн 450 мың теңге ақша түсіпті. Бүгіннің өзінде 2800-ден астам адам әлеуметтік көмекке қол жеткізіп үлгерген екен.

Әсем Рахметова – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Петропавл қаласы бойынша бұл тізімге 3669 адам ілінген. Тізімді жергілікті әлеуметтік қорғау органдарының қызметкерлері жасаған. Жәрдемақыны 7 категорияға жататын жандар ала алады. Яғни, көпбалалы АӘК алатын жандар, 1 топтағы мүгедектер, мүгедек бала асырайтын отбасылар, ең төмен жалақы алатын зейнеткерлер, 11 тыл ардагері және ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілген 270-тен аса адамға беріледі.

Жәрдемақы екінші деңгейдегі банк арқылы жеке тұлғалардың картасына немесе есепшотына аударылады.

Жанахмет Ташеғұлов – «Birgemiz-Qyzylzhar» өңірлік қоғамдық қорының төрағасы:

– Қордағы қаржыны тізімдегі жандарға жеткізіп жатырмыз. Банктер тұрғындарға берілетін 50 мың теңге жәрдемақыдан комиссия ұстап қалмайды. Яғни, ақша адамның кредитіне немесе басқа да қарыздарын төлеуге жұмсалып кетпейді. Бұл мәселе жайлы біз алдын ала келісім жасағанбыз.

Әзірге, 50 мың теңге алатын жандардың тізіміне тек қала тұрғындары ілігіпті. Алдағы уақытта аталған жәрдемақыны аудан мен ауыл адамдарына да табыстау жоспарланып отыр.
Сөз соңында айта кетейік, азаматтар арнайы тізімде аты-жөнінің бар-жоғын экранда көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалып біле алады.

 

 

 

 

 

Маржан Касымбек