Денсаулық сақтауCOVID-19: Қазақстан

Дәрігерлердің ерен еңбегі жайлы

Наурыздың 24-і өңірімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған алғашқы жағдай тіркелді. Содан бері №1 қалалық аурухананың инфекциялық бөлімі Covid-19-ды жұқтырған науқастарды қабылдайтын емдеу мекемесіне айналды. Ал мұндағы 25 медициналық қызметкер күн-түн демей еңбектенуде. Әр жұмыс ауысымынан кейін дәрігерлер жанұяларына емес, оқшауланған мейманханаға аттанады.

Алинаның  ең жақсы, сүйікті, аяулы анасын көрмегеніне екі аптадай болыпты. Сағыныштан орындалған ән медбике Ғалия Жоламановаға арналған. Нәзікжанды қазір көзге көрінбес жаумен күресте алғы шепте жүр. Ақ халатты «жауынгер» рух пен жігер, күш пен қайратты бауыр еті баласының тәтті сөздерінен алады. 5 жасар қызының дауысы – ол үшін демеу әрі қолдау. Естіген сайын үйіне тезірек қайтуды аңсайды, бірақ. Амал нешік, Гиппократтың анты, халық алдындағы парызы бар.

Ғалия Жоламанова – №1 қалалық ауруханасының медбикесі:

– Менің жұбайым ішкі істер органдарында қызмет етеді. Ол қазір қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалап жүр. Кіші қызымды әпкеме қалдырдық. Күнде хабарласып тұрады. Отбасымды өте қатты сағындым. Тезірек қауышқым келеді. Бірақ, өз-өзімізді ұстап, жұмысымызды абыроймен атқарып жүрміз. Барлығы өткінші. Бұл қиын кезеңді де еңсеретінімізге сенімдімін.

Жүректегі үміт оты  қауырт, қызу жұмыста еңсені түсіргізбейді. Жамандықты ойлап, жабырқауға жол бермейді. Керісінше, санитар, медбике мен дәрігерлердің көңіл-күйлері көтеріңкі.

Жылдар бойы иық тірестіріп жұмыс істеген әріптестеріңді тану шынымен де қиын. Бұл -костюмнің мамандар үшін туғызған жалғыз ыңғайсыздығы емес.

Ғалия Сыздықова – №1 қалалық ауруханасының инфекционист-дәрігері:

– Жұмысқа келгенде қорғаныс костюмін киеміз. Ауысым 6 сағатқа созылады. Осы уақыт ішінде шешуге болмайды. Жұмыс аяқталған соң ғана, таза аймаққа шығамыз. Су ішіп, ауқаттануға тек осы кезде мүмкіндік туады. Бас кезінде бұл киіммен жүру, респиратормен демалу өте қиын болып көрінді. Қазір етіміз үйреніп барады. Жаңа режимде еңбектеніп жүргенімізге екі аптадай уақыт болды.

Ал ауысым аяқталған соң мамандар өз баспаналарына емес, қонақүйге аттанады. Екі апта біреуге аз уақыт болып көрінер. Бірақ, үйіңде сағынып 3 балаң отырғанда, әрбір сағат – бір ғасырға тең емес пе?! Ғалия Сыздықованың қыздары мен бір жарым жастағы кішісі Диас қазір анасын күтіп, күні бойы есікке қарайды. Дәрігер де жанұясымен тезірек жүздесуді қалайды. Бірақ, отбасыға, туған-туыс пен жолдастардың арасына, қалыпты өмірге оралудың бір ғана жолы бар – жауды жеңу. Майданның алғы шебіндегілерге біз де көмектесе аламыз.

Әбубәкір Омарәлиев – №1 қалалық ауруханасының инфекционист-дәрігері:

– Дене қызуы 37 болатын адамдар жедел жәрдем шақырмай, емханаға немесе сенім телефонына хабарласыңыздар.

Batman, Человек-паук, Superman мен Supergirl-дар қазір – кинода емес, біздің жанымызда. Міне, олар – науқастарды аман алып қалу үшін барын жасап жүрген ақ халаттылар, елдегі тәртіпті күзетіп, вирустың таралуына жол бермес үшін күн-түн демей қызмет ететін полицейлер мен әскерилер. Бірақ, бұл – қазіргі күннің батырларының ғана емес, баршамызға ортақ күрес. Сovid-19-ды жұқтырғандардың статистикасы өспес үшін біз үйде отырып, карантин талаптарын орындай аламыз. Сонда көп ұзамай бұл біздің ортақ жеңісіміз болады.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова