Әр түрлі

Қала тұрғындарына саяжайға баруға тыйым салынған

Карантин кезінде қала тұрғындарына саяжайға баруға тыйым салынған. Мұндай шектеу қауіпті індеттің таралу жолын кесу мақсатында қойылып отыр. Ал ол жерде қалған үй жануарларын шығарып алу үшін иелері  бағбандар қоғамдық бірлестігіне хабарласулары керек.

Қыстың қамын жаз ойла. Солтүстікқазақстандықтар аязды күндерге көктем айынан-ақ әзірліктерін бастайды. Осы кезде қала тұрғындарының басым бөлігі саяжайға барады, жылыжайларында өсімдік өсіреді. Қызанақ, қияр, картоп, сәбіз және баялды, тағысын, тағы. Алайда, коронавирусқа байланысты биыл адамдарға саяжайға баруға тыйым салынып отыр. Бұл – қауіпсіздік шараларының бірі.

Асқар Хабибулин – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Карантин кезінде қала ішінде бейсауат жүруге болмайды. Қазіргі жағдайда, тіпті, саяжайға да бармаңыз. Тұрғындар үйде отырып, қауіпті індеттен барынша сақтанғандары жөн.

Жергілікті бағбандар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Василий Ротарьдің айтуынша көкөністерді мамыр айының соңы мен маусымның басында да егуге мүмкіншілік бар. Демек, тұрғындарға алаңдаудың қажеті жоқ.

Қала тұрғындарын мазалайтын тағы бір мәселе бар көрінеді. Ол – саяжайларда қалған үй жануалары. Мамандар оның да шешімін айтты.

Василий Ротарь – қалалық бағбандар қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Саяжайлардағы жұмыс мамырдың 15-сінен басталама деп үміттеніп отырмыз. Бірақ, ол да әлі нақты белгілі емес. Сондықтан, саяжайдағы үйлерде жануарлар қалып қойса, иелері хабарын берсін. Біз қалалық әкімдікке барып, жануарларды алып шығуға рұқсат алып береміз.

Карантиннің негізгі талаптарының бірі – өзін-өзі оқшаулау. Шектеу шаралары коронавирус инфекциясының таралу жолын тоқтатып, тұрғындардың денсаулығын сақтау мақсатында қабылданып отыр.

Маржан Касымбек