МТРА жаңалықтары

Тұрғындар бюджет қаражатын бақылай алады

Өңір бюджетін бақылауға болады! Қазір тұрғындар “publicbudget.kz” сайтына кіріп, облыс қаржысының қандай мақсатта жұмсалып жатқандығын көре алады. Тағы, қазынадан қарастырылған ақшаға іс бастаған мердігер мен шаруаның аяқталу мерзімін де білуге мүмкіндік бар. Жаңашылық арқылы тұрғындардың арыз-шағымы да қабылданады.

Өткен жылдың соңында республикалық «Адалдық алаңы» жобасы аясында өңірімізде «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» іске қосылды. Оған кез-келген адам кіріп, облыс бюджетінің қандай мақсатта игеріліп жатқандығын қадағалайды. Мысалы, бүгінде тұрғындар қазынадағы 338 миллиард теңгенің жұмсалу бағыттарын көре алады.

Амангелді Сатанов – «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Қазір облыс бойынша 300 миллиард теңгеден астам қаржы осы картаға енгізілген. Ақшаның бір бөлігі үйдің, жолдың құрылысына жұмсалады делік. Бұл мәліметті сайттан көруге болады. Тіпті, іспен қандай мердігер айналысатындығын да білуге болады.

Тағы, сайтта облыс қаржысына атқарылып жатқан немесе аяқталған жұмыстар жайлы да ақпар көрсетілген. Мұнда істің жүргізілетін мерзімі, қанша ақша жұмсалғаны сынды бірсыпыра мәлімет жазылған. Кез-келген жан “Ашық бюджеттердің интерактивті картасына” “publicbudget.kz” сайты бойынша өте алады. Жаңашылдық баршаға түсінікті етіп жасалған. Оған өзің жайлы дерек жазып, тіркелудің еш қажеті жоқ. Ақпарды тікелейік кіру арқылы алуға болады.

Амангелді Сатанов – «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Сонымен қатар, тұрғындар өз шағымдарын да білдіре алады. Мысалы, істегі кемшіліктерді картаға жазуға болады. Кейін, түскен шағым бойынша тексеріс жүргізіледі.

Жалпы, жыл басынан бері «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағымдар бойынша 5 мәрте жұмыс орындарына барып, мониторинг жүргізіпті.

 

Бердимурат Баймухан