МТРА жаңалықтарыҚоғам

“Kaz Fortis” ЖШС 50 отбасыға көмектесті

Қиын-қыстау кезеңде тұрғындар жалғыз емес. Мемлекетпен бірге халыққа қолдауды жергілікті бизнес өкілдері де көрсетуде. “Kaz Fortis” серіктестігі мұқтаж жандарға көмек көрсетуді ұрандарына айналдырғалы 13 жыл болыпты. Карантин кезінде де компания әдеттерінен таймай 50 петропавлдық қария мен мүмкіндігі шектеулі жандарды қуантты.

Галина Петрова осыдан үш ай бұрын төсек тартып қалыпты. Тамақ аламын деп далаға шыққанда 85 жастағы қария жамбасын сындырып алған. Содан бері төрт қабырғада отыр. Не дәрі-дәрмекке, не азық-түлікке бара алмайды. Соңғысын енді уайымдаудың қажеті жоқ. Жергілікті серіктестікердің бірі зейнеткерге екі үлкен пакет әкелді. Макарон, жарманың түр-түрі, жұмыртқа мен нан. Тағы шай ішуге печенье мен кәмпит те бар.

Галина Петрова – қала тұрғыны:

– Мен өте қуаныштымын. Маған осындай тосын сый жасалады деп ойлаған жоқпын. Компания өкілдеріне алғысым шексіз. Азық-түлік біразға жетеді.

Галина Петрованың алғысына бөленіп, «Kaz Fortis»-тің мамандары Қаскеевтер жанұясына аттанды. Заит ата мен Жұмабике апа қазір үйлерінде отыр. Карантин себебі. Қонаққа баруға да, оларды өздеріне шақыруға да болмайды. Бірақ, бүгінгі меймандардың реті мүлдем басқа.

Тосыннан жасалған сыйға сексеннің сеңгіріне шыққан ерлі-зайыптылар ырза. Рахметімен бірге көпті көрген қариялар баталарын да берді.

Жұмабике Каскеева – қала тұрғыны:

– Рахмет көмектеріңе. Біз шықпай отырмыз үйден. Тезірек осы ауру бізден кетсе екен деп тілеп отырмыз. Қызым алыста. Карантин басталмас бұрын келіп азық-түлік әкеп беріп кеткен.

Егде жастағы қариялардың алғысы, жадыраған көздері мен қуанышы. Қайырымдылықты қолға алған «Kaz Fortis» серіктестігі мен Карапетян жанұясы үшін де бұдан асқан бақыт жоқ. Төтенше жағдайға байланысты компания жұмысын уақытша тоқтатыпты. Қазір жол жөндеп, асфальт төсейтін уақыт емес, әрине. Бірақ, кәсіпкерлер қиын жағдайда қалдық деп мұңын шағып отырған жоқ. Керісінше, бұл кезеңді шарапаты мол істерді жасау үшін тиімді пайдаланбақ. 13 жыл бұрын құрылған серіктестіктің ұраны осы – қамқорлық көрсету, мұқтаж жандарға қол ұшын созу.

Шандер Эдуард – «Kaz Fortis» ЖШС директоры:

– «Қазір еліміз үшін қиын кезең. Осы уақытта халықты жалғыз қалдырмай, мемлекетпен бірге біз де қолдау білдіруді шештік. Жыл сайын мешіттер мен шіркеулерге көмек көрсетеміз. Дертке шалдыққан балаларға да жиі қол ұшын созамыз. Жыл сайын тапқан табысымыздың бір бөлігін осылай қайырымдылыққа жұмсаймыз. Былтыр аталған мақсатқа 7 млн теңге бағыттадық.

Қарттар мен жарымжандарға арналған базарлыққа серіктестік 200 мың теңгеден астам қаржысын жұмсапты. Мұнымен компания тоқтап қалмақ емес. Карантин аяқталғанша кәсіпорын «қамқорлығымызды аямаймыз» дейді.

 

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова