Денсаулық сақтау

Карантин кезінде облыстық перинаталдық орталықта 69 сәби дүниеге келген

Петропавл карантинге жабылғалы бері облыстық перинаталдық орталықта 69 сәби дүниеге келген.

 Саят Ермек – тілші:

– “Коронавирус” және “карантин”. Екі ұғымды естігенде көпшіліктің көкейіне негативті ойлардың келетіні жасырын емес. Бұл түсінікті де. Тек сол карантин уақытында толғағы келіп, сәбилі болғандардың бұл кезеңді тек позитивпен еске алатыны сөзсіз.

Кристина Мазолева – солардың қатарында. Күні кеше ол сүп-сүйкімді, дені сау қыз баланы дүниеге әкелді.

Кристина Мозолева:

 – Мен пандемия кезінде босандым. Баламды аман-есен құшағыма басқаныма қуаныштымын. Болашақ аналарға айтарым: ең бастысы – паникаға берілмеу. Сонда бәрі жақсы болады.

Аман-есен жаны қалған тағы ондаған петропавлдық келіншек үшін эпидемия уақыты өмірінің ең бақытты кезеңімен тұспа-тұс келді. Шаһар карантинге жабылған күннен бүгінге дейін жергілікті перинаталдық орталықта 69 шақалақ туған.

Наталья Клебан – Облыстық перинаталдық орталығы босандыру бөлімшесінің меңгерушісі:

– Сәбилердің 35-і – ұл, ал 34-і – қыз бала. Шетінеп кеткендер жоқ. Барлық аналар мен сәбилердің жағдайлары жақсы.

Мұндай сәтте әлемді жалмаған жаңа кесел жайлы ұмытып та кетесің. Бірақ, қауіпсіздікті ұмыт қалдыруға болмайды. Перзентханалар да карантин уақытында жаңаша жұмыс істеуде. Коронавирус жұқтырды деген күдікпен түскен жүктілер үшін бөлек инфекциялық бокстар жарақталған. Айы-күнін олар сонда күтеді. Бірақ, мұндайлар бізде жоқ.

Саят Ермек – тілші:

– Ал инфекция бойынан табылған жағдайдың өзінде болашақ ана дені сау сәбиді дүниеге әкеле алады дейді дәрігерлер. Мәселен, күні кеше Қызылорда облысында коронавирус жұқтырған келіншек аман-есен босанған. Нәрестенің өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ, ал анасы емін жалғастыруда.

Наталья Клебан – Облыстық перинаталдық орталығы босандыру бөлімшесінің меңгерушісі:

– Қауіпсіздік шараларын күшейттік. Палаталар жиі дезинфекцияланады, босанғандарды жағдайы жақсы болса, үйлеріне ертерек жібереміз, серіктеспен босануға да рұқсат жоқ. Ана мен баланың денсаулығы – біздің жіті бақылауымызда.

Саят Ермек – тілші:

 – Енді қызықты факті! Жаңа пандемиямен бірге әлемде жаңа есімдер де пайда болып жатыр. Мәселен, Үндістанда дүние есігін ашқан егіз баласына ата-анасы “Корона” мен “Ковид” есімдерін берген. Көрші Ресейдегі Новокузнецк қаласында да енді “Ковид” есімді нәресте бар. Бұл таңдауды шекесі торсықтай ұлдың әке-шешесі былай түсіндіріп отыр.

– Менің ойымша, бұл – құлаққа жағымды естілетін, бірегей әрі өте мықты есім. Әйелім де мұнымен келіседі. Ешбір есіммен шатастырмайсың.

Ал карантин кезінде сәбилі болған петропавлдық ата-аналар болса перзенттерін дәстүрлі есімдермен атағанды құп көреді.

 

 

 

Саят Ермек